Қазақстанда оқушылар арасында қаржылық сауаттылық олимпиадасы өтіп жатыр
Еліміздің барлық өңірінен 144 оқушы финалда бақ сынап, жеңімпаздар екі кезең нәтижесі бойынша анықталады.
2-6 мамыр аралығында Астана қаласындағы №56 мектеп базасында 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиаданың IV кезеңі өтеді. Қорытынды кезеңге еліміздің барлық өңірінен іріктелген 144 оқушы қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олимпиаданың мақсаты - қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік бағытында терең білім, білік және дағдыға ие дарынды оқушыларды анықтау, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында қаржылық мәдениетті қалыптастыру және кеңінен насихаттау.
Іс-шара аясында қатысушылардың қаржылық шешім қабылдау кезінде сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, қауіпсіз қаржылық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және түрлі қаржылық ақпарат көздерімен жұмыс істеу машықтарын жетілдіруге басымдық беріледі. Сонымен қатар, оқушылар қаржы құралдарын тиімді пайдалану және қаржылық тәуекелдерден қорғану бойынша практикалық дағдыларын көрсетеді.
Республикалық кезең екі турдан тұрады. Бірінші тур жазбаша, екінші тур ауызша форматта өтеді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Айта кету керек, олимпиаданың бастапқы кезеңіне еліміздің әр өңірінен 46 мыңнан астам оқушы қатысқан.