Қазақстанда оқуға, жұмыс істеуге мүмкіндік бергеніне мың рақмет айтамын
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жас дәрігер Ирсбек Абдуллаев Қазақстан халқы бірлігі күніне орай туған жеріне лебіз білдірді.
Ирсбек Абдуллаевты жерлестері қазақшалап «Ырысбек» деп атап кеткен. Ол - Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тумасы.
Мектеп оқып жүргенде биология пәніне қызығып, дәрігер болуды армандадым. Кейіннен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып, 2010 жылы Астана медицина университетіне грантқа түстім. Еңбек жолымды жалпы тәжірибе дәрігері ретінде астанадағы «Шипагер» емханасынан бастадым. Осылайша 2017 жылы арманыма қол жеткіздім, - дейді Ирсбек.
Сонымен қатар, дәрігер 2016 жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясы Нұр-Cұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығында қоғамдық қызмет атқарғанын айтады.
Мен қоғамдық жұмыстарға қызығамын, адамдарға көмектескенді жақсы көремін. Сондықтан өзбек этномәдени орталығында жұмыс істегенде қоғам дамуына өз үлесімді қосқым келді. Біз онда халықаралық дәрежедегі футбол турнирі, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық акциялары сияқты әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырдық, - дейді Ирсбек.
Ирсбек Абдуллаев 2019 жылы «Отбасылық медицина» мамандығы бойынша резидентурада оқып жүргенінде коронавирус індеті басталып, Екібастұз қаласына жіберілді.
Екібастұз қаласында №3 қалалық емхананың провизорлық бөлімінде жұмыс істедім. Ол қалада 2 жыл 6 ай уақыт қызметте болдым. Коронавирус уақытында күндіз не, түн не екенін білген жоқпыз. Стационарда болсақ, түнде ұйықтамайтынбыз. Жұмысқа таңғы сағат 8-де келіп, түнгі 12-де қайтатынбыз. Үйге барып жазатын жазуымыз тағы бар. Ол кездердің артта қалғанына шүкір, - дейді дәрігер.
Соңғы бірнеше ай Ирсбек Абдуллаев туған жерінде орналасқан «Сапа» медициналық орталығына емхана меңгерушісі қызметіне шақырылып, сонда жұмыс істеп жатыр. Ол мереке қарсаңында:
Қазақстанға оқуға, жұмыс істеуге мүмкіндік бергеніне мың рақмет айтамын! Біз Қазақстанда тұрғаннан кейін 100 процент қазақ тілін білуге міндеттіміз деп есептеймін. Көп ұлтты елімізге қоғамдық тұрақтылық, бірлік, тыныштық, ашық аспан, береке мен азаматтық жауапкершілік тілеймін, - деп лебіз білдірді.