Бүгiн 2026, 13:05 Фото: gov.kz

Қазақстанда нотариустардың қызметіне бақылау күшейтіледі

Заң нотариат қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтіп, цифрландыруды жеделдетуді көздейді.

Сенат депутаттары нотариат қызметі мен заң көмегін көрсету мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді екі оқылымда қолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, нотариат институты азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда маңызды орын алады. Сонымен қатар бұл жүйе халыққа сапалы заң көмегін көрсетуге де жауапты.

Депутаттың сөзінше, нотариустар заңды күші бар және сотта қосымша дәлелдеуді қажет етпейтін құжаттарды рәсімдейді. Мұндай құжаттар азаматтардың мүліктік құқықтарына, жеке деректерінің қорғалуына және өзге де заңмен қорғалатын мүдделеріне тікелей қатысты.

Республикалық нотариаттық палатаның мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 4 691 нотариус жұмыс істеген. Бір жылдың ішінде олар 11,3 миллион нотариаттық әрекет жасаған.

Сенатор бұл көрсеткіштер нотариат қызметіне сұраныстың жоғары екенін және оның қоғамдағы рөлінің айрықша екенін аңғартатынын айтты.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы белгілеген реформалар аясында мемлекеттік және қоғамдық институттарды цифрландыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге басымдық беріліп отыр. Сондықтан нотариат жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу, құқықтық реттеуді жетілдіру, оның қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру және қоғамның сенімін нығайту құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі саналады.

Қабылданған заң нотариат саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар құжатта нотариустардың заң талаптарын сақтауына жүргізілетін мемлекеттік бақылау тәртібі мен әділет органдарының құзыреті нақтыланған.

Заңда нотариат қызметін одан әрі цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ нотариаттық іс-әрекеттерді орындау барысында мүдделер қақтығысы немесе аффилирленген байланыстар туындауы мүмкін жағдайлардың алдын алу шаралары да қарастырылған.

Бұдан бөлек, атқарушылық жазбаны рәсімдеу тәртібін жетілдіру мақсатында нотариусқа ұсынылатын борышкердің қарызын жазбаша мойындауына қойылатын талаптар нақтыланады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда топырақты қорғау туралы жеке заң қабылданды.