Қазақстанда несие алу қиындады: Енді халықтың қарызы азая ма?
Қазақстанда халыққа жаңа несиелер беру көлемі азайды, бірақ жалпы қарыз өсіп жатыр.
Қазақстанда халыққа жаңа несиелердің берілуі азайғанымен, жалпы берешек көлемі әрі қарай өсіп келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, тек қыркүйек айының өзінде банктер жеке тұлғаларға 1,6 трлн теңгеге қарыз берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға аз. Несие алу неліктен қиындай түсті, қазақстандықтар микроқарыздарға жиі жүгінуі мүмкін бе және 2027 жылы халықтың несие жүктемесі қандай болмақ? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.
Неліктен банктер несиені аз бере бастады?
«R-Finance» қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, қарыз беру көлемінің төмендеуіне негізгі себеп – қарыз алушыларға қойылатын талаптардың қатаңдатылуы.
Ең алдымен, қарыз беруге қойылатын талаптар күшейтілді. Қазіргі уақытта борыш жүктемесінің коэффициенті ескеріледі, табысты растау талап етіледі. Тіпті жанама табыстың кейбір түрлері есепке алынбайды. Нәтижесінде несиелерді мақұлдау көлемі айтарлықтай қысқарды, – деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен қатар ол екінші себеп ретінде халықтың шамадан тыс несие алуын атады. Оның сөзінше, өткен жылдары кейбір қаржы ұйымдары клиенттердің төлем қабілеттілігін әрдайым толық ескере бермеген.
Қазір бақылаудың күшеюі арқасында несие жүктемесін төмендету процесі жүріп жатыр. Бұл үшін белгілі бір уақыт қажет, – деп атап өтті Арман Байғанов.
Берешек неге әрі қарай өсіп жатыр?
Жаңадан берілетін несиелер азайғанына қарамастан, қазақстандықтардың жалпы борыш көлемі артып келеді.
ҚНРДА мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың несие портфелі 26,7 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері ол 7,6%-ға өскен.
Осы соманың 17,7 трлн теңгесі тұтынушылық несиелерге тиесілі. Олардың көлемі 6,5%-ға артты. Ал ипотекалық портфель 12,9%-ға өсіп, 7,9 трлн теңгені құрады.
Сарапшы жалпы несие портфелінің өсуін бұрынғы жылдары берілген қарыздармен түсіндіреді.
Өткен жылдары несие портфелі жоғары қарқынмен өсті. Қазір де өсіп жатыр, бірақ жаңа қарыздар беру көлемі төмендеп келеді. Сәйкесінше, берешектің өсу қарқыны да баяулады, – деді Арман Байғанов.
Сонымен қатар несиелердің қолжетімділігіне халықтың сатып алу қабілеті де әсер етеді.
Қазақстандықтар микроқарыздарды жиі ала бастай ма?
Банктік несиелеудің қысқаруы заңды сұрақ тудырады: банктерден бас тарту алған азаматтар микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) жиі жүгінуі мүмкін бе?
Арман Байғанов сұраныстың МҚҰ пайдасына айтарлықтай қайта бөлінуі орын алмайды деп есептейді.
Микроқарыздарға деген сұраныс айтарлықтай өседі деп ойламаймын. Өйткені микроқаржы компаниялары да дәл сондай реттеуге бағынады. Онда да екінші деңгейлі банктердегідей борыш жүктемесі коэффициентіне қойылатын талаптар қолданылады, – деп түсіндірді ол.
Дегенмен, сарапшы қарыз мүлік кепілімен берілетін ломбард қызметтеріне сұраныстың артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Адамдардың бағалы бұйымдар немесе тұрмыстық техника кепілімен ақша алуға болатын ломбардтарға жиірек жүгінуі ықтимал. Бақылауларға қарағанда, ломбардтар портфелінің өсу динамикасы микроқаржы компаниялары мен банктердің көрсеткіштерінен асып түсіп отыр, – деп атап өтті Арман Байғанов.
Оның айтуынша, несие беру шарттарының қатаңдауы кейбір азаматтарды лицензиясы жоқ ұйымдардан немесе жеке өсімқорлардан (ростовщиктерден) қарыз іздеуге итермелеуі мүмкін. Мундай жағдайда қарыз алушылар өте жоғары пайыздық ставкаларға және алаяқтыққа тап болуы ықтимал.
Несие жүктемесінің жоғары болуы несімен қауіпті?
Қаржылық кеңесшінің пікірінше, жоғары борыш жүктемесі, ең алдымен, азаматтардың өмір сүру деңгейіне әсер етеді.
Егер жалақының едәуір бөлігі несиені өтеуге кететін болса, адамда күнделікті шығындарға ақша аз қалады.
Егер несие төлемдері жалақының негізгі бөлігін алса, бұл халықтың өмір сүру деңгейін төмендетеді. Ауру немесе жұмыссыздық сияқты уақытша қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда, жоғары несие жүктемесі қарыздарды өтей алмауға әкеп соғуы мүмкін, – деді сарапшы.
Неліктен бизнеске несиелер көп беріліп жатыр?
Халыққа қарыз берудің азаюы фонында кәсіпкерлерді несиелеу, керісінше, артып келеді.
ҚНРДА мәліметінше, 2026 жылдың қыркүйегінде банктер бизнеске 2 трлн теңгеге жаңа несиелер берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,1%-ға артық.
Әсіресе шағын және орта бизнес сегментінде айтарлықтай өсім байқалады. ШОБ-тың жаңа қарыздарының көлемі 41,7%-ға өсті, ал жалпы несие портфелі жыл басынан бері 17%-ға артып, 8 трлн теңгеге жетті.
Бұл тұста ірі бизнестің берешегі осы кезеңде 8,7%-ға төмендеп, 5 трлн теңгені құрады.
Арман Байғанов түсіндіргендей, кәсіпкерлерді несиелеу кезінде банктер бизнестің төлем қабілеттілігін, қаржыландыру мақсаттарын және қарызды өтеу мүмкіндіктерін бағалайды. Несиелеу шарттары да несие мерзіміне, компанияның қаржылық жағдайына және оның несиелік тарихына байланысты болады.
2027 жылы несие нарығында не болады?
Қаржылық кеңесшінің болжамы бойынша, келесі жылы несие нарығындағы жағдай қазіргіге ұқсас болып қалуы мүмкін.
Меніңше 2027 жылы жағдай шамамен осындай болады. Қаржы ұйымдары мен клиенттердің осындай жағдайларға бейімделу кезеңі жалғасады. Халықтың несие жүктемесі сәл төмендеуі мүмкін, ал несие портфелінің өсуі экономиканың және халық табысының динамикасына сәйкес келеді, – деп есептейді Арман Байғанов.