Қазақстанда неке қию көрсеткіші күрт төмендеді
Неке қию 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға азайған.
Елімізде отбасы институты соңғы ширек ғасырдағы ең күрделі дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегіне сәйкес 2025 жылы некелесу коэфициенті 5,62-ні көрсетіп, рекордтық деңгейде төмендеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде қазақстандықтардың отбасын құруды саналы түрде кейінге шегеруі қалыпты үрдіске айналды. 2024 жылғы мәлімет бойынша ерлер орта есеппен 28 жасқа таяп барып үйленсе, қыздар 25 жастан асып барып тұрмысқа шығады.
Жастар неге үйленуден қашады: Мансап па, әлде жауапкершілік пе?
Сандарға үңілсек, жағдайдың шынымен де алаңдатарлық екенін көреміз. 2025 жылы Қазақстанда барлығы 114 504 неке тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда неке санының шамамен 7%-ға азайғанын көрсетеді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2013 жылы бұл көрсеткіш 160 мыңнан асады.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, неке коэффициентінің төмендеуі – ұзақ мерзімді трендтің жалғасы. Бұл жастар отбасын мүлдем қаламайды дегенді білдірмейді, тек талғамның өзгергенін көрсетеді.
Қазақстандық жастар отбасын әлі де маңызды құндылық деп санайды, бірақ білім, жеке мансап, өзін-өзі жүзеге асыруды алдыңғы орынға жиі қояды. Яғни «ең алдымен отбасын құру» парадигмасы "алдымен өзімді аяққа тұрғызу, сосын отбасын құру" моделімен алмасты, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, ипотека, инфляция сияқты экономикалық факторлар некені кейінге қалдыруды рационалды шешімге айналдырған.
Демограф маман Сәуле Дюсупова бұл жағдайды "дабыл қағатын" дағдарыс емес, құрылымдық трансформация ретінде бағалайды. Оның айтуынша, некелесудің азаюына 1990-жылдардағы туу деңгейі төмен кезеңде дүниеге келген ұрпақтың қазір неке жасына жетуі де әсер етіп отыр.
Жастардың үйлену шешіміне тұрғын үй мәселесі мен табыс деңгейі айтарлықтай әсер етеді. Демографиялық тұрғыдан бұл процесс экономикалық дайындық моделі арқылы түсіндіріледі: жастар отбасы құру үшін белгілі бір материалдық тұрақтылыққа жетуді маңызды деп санайды, – деп түсіндірді.
Азаматтық неке: "Сынап көру" ме, әлде жауапкершіліктен жалтару ма?
Бүгінде ресми тіркелмеген, яғни "азаматтық некелердің" де үлесі артып келеді. Сарапшылар мұны "сынап көру" моделі немесе құқықтық жауапкершіліктен жалтару деп екіге бөліп қарастырады.
Демографтың айтуынша, азаматтық некеден туған балалар туу статистикасында толық есепке алынады, сондықтан табиғи өсім есебінде бұрмалану жоқ. Алайда әлеуметтанушы бұл үрдістің қауіпті тұсын атап өтті.
«Азаматтық неке – материалдық және құқықтық міндеттемелерден қашу, ажырасу рәсімімен, алимент, мүлік бөлуімен байланысты тәуекелді қабылдағысы келмеу. Бұл әсіресе, әйелдердің құқықтық қорғалмауын күшейтеді және әлеуметтік саясатты жоспарлауды қиындатады, – дейді Айсұлу Молдабекова.
Ажырасудың көбеюінің салдары қандай?
Статистикаға сүйенсек, неке саны азайғанымен, ажырасу саны керісінше өсіп барады:
- 2024 жылы: 40 747 ажырасу;
- 2025 жылы: 45 493 ажырасу.
Бір жылдың ішінде ажырасу көрсеткіші 11,6%-ға өскен. Бұл дегеніміз – елімізде құрылған әрбір 3-ші некенің біреуі қайта тарайды деген сөз. Әсіресе, желтоқсан айындағы 4 584 жұп ажырасып, рекордтық көрсеткішке жеткен.
Сәуле Дюсупованың мәлімдеуінше, ажырасу – отбасының тұрақтылығын ғана емес, жалпы елдегі бала туу көрсеткішін де айқындайтын фактор. Қазақстандағы демографиялық тәжірибе көрсеткендей, алғашқы бала көбіне некеде дүниеге келеді, ал ажырасулар көбіне бала туғаннан кейін болады.
Ажырасумен бірге, қайталанған некелер де бар, ал қайта неке қиюда "ортақ бала" деген ұғым бар. Сондықтан қысқа мерзімде табиғи өсім айтарлықтай баяулауы екіталай. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада, егер ажырасу тенденциясы тұрақты түрде өссе, көпбалалы отбасылар азайып, жалпы фертильділік біртіндеп төмендеуі мүмкін, – дейді сарапшы.
Отбасы институтының әлсіреуі қоғамда жалғызбастылықтың артуына және әлеуметтік оқшаулануға алып келеді. Мамандар бұл мәселені шешу үшін тек экономикалық қолдау ғана емес, отбасы саясатын жаңа құндылықтар деңгейінде қайта қарау қажеттігін алға тартады.
Жанерке ЖӘКЕН