Қазақстанда мұнай өндіру көлемі төмендеді – Нәлібаев себебін түсіндірді
Қазақстанда биыл мұнай мен газ өндіру көлемі төмендеген. Бұған Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылдар мен Теңіз кен орнындағы өрт әсер еткен. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мұнай-газ саласындағы негізгі жұмыс өндіріс көлемін сақтауға және өңдеу саласын дамытуға бағытталған.
Мұнай-газ саласында негізгі жұмыс өндіру көлемін сақтауға және өңдеу саласын дамытуға бағытталған. Осы жылдың 9 айында 69,4 млн тонна мұнай және 47,4 млрд текше метр газ өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Бұған сыртқы факторлар, атап айтқанда, Каспий құбыр консорциумына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдар және Теңіз кен орнындағы өрт себеп болды, – дейді Нұрлыбек Нәлібаев.
Осыған байланысты өндірістегі шығындардың орнын толтыру үшін Теңіз және Қашаған кен орындарында жоспарланған жөндеу жұмыстары 2027 жылға ауыстырылған.
Сонымен қатар мұнай өндіру көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр.
Атап айтқанда, 2025 жылы Теңіз кен орнында іске қосылған Келешек кеңейту жобасы мұнай өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді, ал ағымдағы жылдың соңына дейін Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған алтыншы компрессор іске қосылып, мұнай өндіру көлемін жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруды қамтамасыз етеді, – дейді ол.
Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін
Нәлібаев мұнай өңдеу саласын дамытуға да тоқталды. Оның мәліметінше, биылғы тоғыз айда елімізде 14,1 млн тонна мұнай өңделіп, 11,9 млн тонна мұнай өнімі өндірілген.
Қазір қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін кеңейту жобалары бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасына сәйкес, жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр.
2027 жылы екі газ өңдеу зауыты іске қосылады
Премьер-министрдің бірінші орынбасары елді газдандыру және жаңа газ өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарларын да таныстырды.
Оның айтуынша, 2035 жылға дейін көмірсутектердің жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспары қабылданған. Сондай-ақ осы мерзімге қарай елді газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жөніндегі Жол картасы әзірленген.
Жыл қорытындысы бойынша газдандыру деңгейі 64,3%-ға жетеді. Нәтижесінде 13,2 млн адам газ тұтынуға қол жеткізеді, – дейді Нәлібаев.
Алдағы жылдары елімізде бірнеше газ өңдеу зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Газды терең өңдеуді дамыту мақсатында 2027 жылы Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд текше метр және Жаңаөзен қаласында 0,9 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыттары пайдалануға беріліп, 2029-2030 жылдары Қашаған кен орнында қуаты жылына 2,5 млрд текше метр және Қарашығанақ кен орнында 5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыттары іске қосылады.