Қазақстанда мүгедектігі бар 111 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев айтып берді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдарды, оның ішінде мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік ұйымдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау жүйесін одан әрі жетілдіру туралы хабарлады.
2025 жылдың 1 қаңтарына 111,4 мың адам немесе мүгедектігі бар еңбекке қабілетті адамдардың 29,4%-ы (381 мың) жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар өңірлер бойынша мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту деңгейі 20%-дан 55%-ға дейін өзгереді. Осыған байланысты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және жұмыс берушілерді мүгедек адамдарды жұмыспен қамтуға ынталандыру үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің бюджетке өтемақы төлеу тетігін енгізуі көзделеді, – деді вице-министр.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көлік министрлігімен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды автомобиль көлігімен (инватакси) тасымалдау бойынша қызметтер көрсету тәсілдерін қайта қарауды жоспарлап отыр.
Оңалту спектрінің қызметтерін кеңейту бойынша шаралар әзірлеу басталады – бұл дәрі-дәрмекпен емдеуді қоспағанда, ауылдық амбулаториялар базасында мүгедектігі бар балаларға арналған физиотерапиялық қызметтер, емдік дене шынықтыру, массаж және т.б. – деп толықтырды Ертаев.
Мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, халық үшін қызметтер мен инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігі кеңейтілетін болады. Бүгінде интерактивті қол жетімділік картасында 42 964 нысан тіркелген. 22 777 нысан немесе 53% толығымен бейімделген.
Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мүгедектігі бар адамдардың жеке және отбасылық өмірін дамытуды танымал етуге бағытталған шаралар кешенін іске асыру көзделеді. Мүгедектігі бар баланы (балаларды) тәрбиелеп отырған мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және әдістемелік көмек көрсету шараларын көрсету тетігі әзірленетін болады.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мониторинг жүргізу, талдау және бағалау мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен кезең-кезеңімен ықпалдаса отырып, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру мәселесін пысықтау көзделген, – дейді Асқарбек Ертаев.