Қазақстанда мұғалімдер 3 жылда бір рет біліктілігін арттырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда мұғалімдер 3 жылда бір рет біліктілігін арттырады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Кәрімова айтты.

Мемлекет басшысының білім саласына қатысты берген тапсырмаларының тағы бір бағыты бар. Ол – мұғалімдерді 3 жылда бір рет біліктіліктерін арттыру.

Бұл салада біз халықаралық тәжірибені, мысалы, Сингапур, Финляндияның тәжірибесін қарастырдық. Бұл елдерде мұғалімдер жыл сайын біліктіліктерін арттыру курстарынан өтеді. Сонымен қатар көрші Ресейде де мұғалімдер 3 жылда бір рет білімдерін өзектендіреді. TALIS халықаралық зерттеуі бойынша мұғалімдердің 87%-ы курстардың қажет екенін көрсетіп отыр. Ал мектепке бірінші рет келіп отырған жас мұғалімдердің 70%-ы кәсіби деңгейлерінің жеткіліксіздігін көтеріп отыр, - дейді ол.

Гүлмира Кәрімова мұғалімдердің біліктілігін тек 3 жылда бір рет қана емес, жыл сайын арттырып отыруы қажет деп есептейді. Сөзінше, бұл мұғалімдер үздік мұғалімдердің сабақтарына, конференцияларға қатысу арқылы болашақтағы біліктіліктерін арттыруға үлкен серпін береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы