Қазақстанда мотор майлары қатаң тексеріледі
Қазақстанда автокөлік жүргізетін әр адамға қатысты маңызды өзгеріс енгізілмек. Энергетика министрлігі 2026 жылдың ақпан айынан бастап мотор майларына міндетті цифрлық таңбалау енгізілетінін хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жаңашылдық мотор майларының көлеңкелі нарығын қысқартуға және контрафакті өнімнің жолын кесуге бағытталған.
Жаңа талап қашан күшіне енеді?
Министрлік мәліметінше, цифрлық таңбалау бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі.
2026 жылдың ақпанынан бастап - осы уақыттан кейін өндірілген немесе Қазақстанға импортталған мотор майлары міндетті түрде цифрлық кодпен таңбаланады.
2027 жылдың 1 ақпанынан бастап - тауардың қозғалысы жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде толық қадағалана бастайды. Яғни өнім өндірушіден шыққан сәттен бастап, қоймаға, дүкенге жеткенге дейінгі жолы жүйеде көрініп тұрады.
Кәсіпкерлерге қандай талап қойылады?
Жаңа ережеге дайын болу үшін нарық қатысушыларына алдын ала әрекет ету ұсынылады. Атап айтқанда, өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер арнайы ақпараттық жүйеге тіркелуі керек.
Ол жүйе - Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі ақпараттық жүйе. Тіркелу және жұмыс істеу үшін ресми сайт көрсетілген: tanba.markirovka.kz.
Неге мотор майы таңбалануы тиіс?
Сарапшылардың айтуынша, қазір нарықта сатылып жатқан мотор майларының бір бөлігі көлеңкелі айналымда болуы ықтимал. Ең қауіптісі - кейбір сатушылар жалған майды танымал брендтердің түпнұсқа ыдысына құйып, сырт көзге мүлде күмән тудырмайтындай етіп ұсынады. Ал жүргізуші үшін мұндай үнем кейін үлкен шығынға айналуы мүмкін. Себебі сапасыз май қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді, моторды істен шығаруы мүмкін, қымбат жөндеуге алып келеді.
Цифрлық таңбалау қалай жұмыс істейді?
Жаңа жүйеде мотор майының әрбір қаптамасына Data Matrix деп аталатын арнайы код жапсырылады. Оның басты ерекшелігі: әр код бірегей болады, оны көшіріп алу немесе қайта пайдалану мүмкін емес, тауардың қозғалысы толық бақылауда тұрады.
Жүргізуші үшін пайдасы қандай?
Егер жүйе толық іске қосылса, жүргізушілер сапасыз майға алданып қалмай, таңдауды сенімді түрде жасай алады.