21 Қыркүйек 2026, 10:51 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда миссионерлік қызмет қалай реттеледі: Нені білу керек?  

Қазақстанда әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Алайда белгілі бір дінді қабылдауға шақыру мақсатында діни ілім тарату жай ғана жеке пікір білдіру емес, заңмен реттелетін миссионерлік қызмет саналады. Онымен айналысу үшін арнайы тіркеуден өту қажет.

Миссионерлік қызметтің негізгі талаптары «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 8-бабында белгіленген. Тіркеусіз қызмет жүргізгендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша жауапқа тартылады. BAQ.KZ тілшісі миссионерлік қызметтің реттелу тәртібіне шолу жасады.

Қандай әрекет миссионерлік қызмет болып саналады?

Заңның 1-бабының 5) тармақшасына сәйкес, миссионерлік қызмет – Қазақстан азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі.Бұл анықтамада екі негізгі белгі бар:белгілі бір діни ілімді тарату,адамды дінге үндеу, яғни сол дінді қабылдауға шақыру мақсаты.

Сондықтан адамның өз сенімі, діни көзқарасы немесе белгілі бір діни дәстүр туралы жай ғана әңгімелеуі автоматты түрде миссионерлік қызмет деп танылмайды. Әр жағдайдың мақсаты, мазмұны және жасалған әрекеттердің жиынтығы ескерілуге тиіс.

Бұл мәселені 2025 жылғы 26 ақпанда Конституциялық Сот арнайы қарады. Сот миссионерлік қызмет туралы заң нормаларын Конституцияға сәйкес деп таныды. Сонымен қатар діни сенім туралы ақпарат тарату мен адамды дінге үндеуге бағытталған мақсатты қызметтің ара-жігін ажырату маңызды екенін көрсетті.

Конституциялық Сот діни сенім бостандығы мен ақпарат тарату құқығы абсолютті емес екенін атап өтті. Азаматтардың өз құқықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтарына, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс.

Миссионер міндетті түрде тіркелуге тиіс

Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік қызметті тіркеуден өткеннен кейін ғана жүзеге асыра алады.

Тіркеуді миссионер қызмет жүргізетін аумақтағы облыстың немесе республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органы жүргізеді. Әдетте бұл міндет өңірлік дін істері басқармасына жүктеледі.

Өтінішті жергілікті атқарушы органның кеңсесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы,eGov.kz немесе eLicense.kz порталдары арқылы тапсыруға болады.

Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Қолданыстағы мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары бойынша өтінішті қарау мерзімі – 10 жұмыс күні. Егер ұсынылған діни материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу қажет болса, сараптама аяқталғанға дейін тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады.

Заң бойынша Қазақстан аумағында жұмыс істейтін миссионерлер жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті.

Тіркелу үшін қандай құжаттар қажет?

Миссионер ретінде тіркелу немесе қайта тіркелу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

  • Белгіленген нысандағы өтініш.
  • Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін паспорттың көшірмесі.
  • Діни бірлестік атынан миссионерлік қызмет жүргізуге құқық беретін құжат. Оған діни бірлестік басшысы қол қойып, мөрмен бекітуге және берілген күнін көрсетуге тиіс.
  • Миссионер өкілдік ететін діни бірлестіктің мемлекеттік тіркелгені туралы мәлімет және оның жарғысының көшірмесі.
  • Миссионерлік қызметте пайдаланылатын діни әдебиет, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар және діни мақсаттағы заттар.
  • Егер материалдар бұрын сараптамадан өткен болса, дінтану сараптамасының оң қорытындысы туралы хаттың көшірмесі.

Шетелдік миссионерлерге қандай қосымша талап қойылады?

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар негізгі құжаттардан бөлек:

  • өздері өкілдік ететін діни бірлестіктің шет мемлекет заңнамасы бойынша ресми тіркелгенін растайтын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;
  • Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктің шақыру хатын ұсынуға тиіс.

Шетел мемлекетінде берілген құжаттар қазақ және орыс тілдеріне аударылып, аударманың дұрыстығы мен аудармашы қолының түпнұсқалығы Қазақстанда нотариат арқылы куәландырылуы керек.

Шетел азаматының елде болуы мен қызметінің мақсаты оның визасы және көші-қон құжаттарындағы мақсатқа сәйкес келуге тиіс.

Діни материалдарға қандай талап қойылады?

Миссионердің пайдаланатын діни әдебиеті, кітапшалары, бейне-аудио өнімдері, ақпараттық материалдары және діни мақсаттағы заттары дінтану сараптамасының оң қорытындысын алуға тиіс.

Сараптама барысында материалдың мазмұны,қай дінге жататыны, діни ілімінің ерекшеліктері, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігіне ықтимал әсері, діни араздықты немесе кемсітушілікті насихаттау белгілерінің бар-жоғы зерттеледі.

Оң қорытынды берілмеген материалды миссионерлік қызмет барысында пайдалануға болмайды. Бұл талап баспа өнімімен шектелмейді: діни мазмұндағы аудио, бейне және электрондық материалдарға да қолданылуы мүмкін.

Діни әдебиетті қай жерде таратуға болады?

Заңның 9-бабына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды:

  • ғибадат үйлері мен діни ғимараттарда;
  • діни білім беру ұйымдарында;
  • жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға рұқсат етіледі.

Кез келген дүкенде, базарда, көшеде немесе өзге қоғамдық орында діни әдебиетті еркін таратуға болмайды. Арнайы тұрақты үй-жайдың орналасатын жерін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың жергілікті атқарушы органы бекітеді.

Діни әдебиетті жеке пайдалану үшін сақтау мен оны көпшілік арасында тарату – құқықтық тұрғыдан екі бөлек әрекет.

Әлеуметтік желідегі діни уағыз да миссионерлік қызмет пе?

Заң миссионерлік қызметті тек көшеде немесе қоғамдық орында жүргізілетін әрекетпен шектемейді. Сондықтан әлеуметтік желіде, мессенджерде немесе бейнеплатформада діни материал жариялау белгілі бір жағдайда миссионерлік қызмет ретінде бағалануы мүмкін.

Бірақ діни тақырыптағы кез келген жазба автоматты түрде заңсыз миссионерлік болып саналмайды.

 Құқықтық баға беру кезінде адамның:

  • белгілі бір дінді қабылдауға шақырғаны;
  • діни ілімді мақсатты әрі жүйелі түрде таратқаны;
  • діни бірлестік атынан әрекет еткені;
  • қандай материалдарды пайдаланғаны;
  • жарияланымның мазмұны мен аудиториясы ескерілуге тиіс.

Яғни негізгі белгі – дін туралы ақпараттың болуы ғана емес, адамды дінге үндеуге бағытталған мақсат.

Не істеуге тыйым салынады?

Қазақстанда:

  • тіркеусіз немесе қайта тіркеусіз миссионерлік қызмет жүргізуге;
  • дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ материалдарды пайдалануға;
  • Қазақстанда тіркелмеген діни бірлестіктің ілімін таратуға;
  • сот шешімімен қызметіне тыйым салынған діни ұйымдардың идеясын насихаттауға;
  • адамды діни қызметке мәжбүрлеуге;
  • қорқыту, қысым көрсету, алдау немесе адамның материалдық тәуелділігін пайдалану арқылы дінге тартуға;
  • діни алауыздықты, өшпенділікті немесе адамдарды діни белгісі бойынша кемсітуді насихаттауға жол берілмейді.
  •  

Заңның 3-бабына сәйкес, діни бірлестіктің қызметі адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге, азаматтарды отбасылық міндеттерінен бас тартуға немесе заңда белгіленген міндеттерді орындамауға итермелемеуге тиіс.

Тіркеуден қандай жағдайда бас тартылуы мүмкін? 

Мемлекеттік орган:

  • құжаттар толық ұсынылмаса;
  • мерзімі өткен құжаттар берілсе;
  • ұсынылған мәліметтердің дұрыс еместігі анықталса;
  • діни материалдарға қатысты дінтану сараптамасының теріс қорытындысы болса;
  • миссионерлік қызметтің немесе оны ұйымдастырушы діни бірлестіктің қызметі Қазақстан заңнамасына қайшы келсе, тіркеуден бас тарта алады.

Өтініш беруші бас тарту шешімімен келіспесе, мемлекеттік органның басшысына, тиісті уәкілетті органға немесе сотқа шағымдануға құқылы.

Заңсыз миссионерлік үшін қандай жауапкершілік бар?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының үшінші бөлігіне сәйкес:

  • миссионерлік қызметті тіркеусіз немесе қайта тіркеусіз жүргізу;
  • миссионердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни материалдарды пайдалануы;
  • Қазақстанда тіркелмеген діни бірлестіктің діни ілімін тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Қазақстан азаматтарына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ол шамамен – 432 500 теңге.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да 100 АЕК айыппұл салынып, олар Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарылады.

Діни сенім бостандығы мен заң талабының арасы

Қазақстанда адамның белгілі бір дінді ұстануына, дінін өзгертуіне немесе ешбір дінді ұстанбауына құқығы бар. Жеке адамның діни сенімі мемлекет тарапынан бақылауға алынбайды.

Алайда діни сенімді қоғам арасында тарату және басқа адамдарды белгілі бір дінге тарту жеке сенім шеңберінен шығып, қоғамдық сипатқа ие болады. Сондықтан мемлекет мұндай қызметке тіркеу, дінтану сараптамасы және пайдаланылатын материалдарға қатысты талаптар қойған.

Осылайша, Қазақстанда миссионерлік қызметке тыйым салынбаған. Бірақ оны заңды түрде жүргізу үшін үш негізгі шарт орындалуға тиіс: миссионер жергілікті атқарушы органда тіркелуі, жыл сайын қайта тіркеуден өтуі және тек дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған материалдарды пайдалануы қажет.