10 млрд теңге цифрлық форматта: Ұлттық банк KASE-те алғаш рет токенделген ноталар шығарды
Ұлттық банк цифрлық қаржы активтерінің эмитентіне айналып, KASE-те токенделген қысқамерзімді ноталар шығарды.
Қазақстан Ұлттық Банкі алғаш рет Қазақстан қор биржасының (KASE) цифрлық қаржы активтері платформасына токенделген қысқамерзімді ноталар шығарды. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында цифрлық қаржы активтерін (ЦҚА) тәжірибе жүзінде қолдануда алғашқы қадам болды.
Сауда-саттық 2026 жылғы 9 қарашада аукцион түрінде өтті. Бір шығарылымның нотасы дәстүрлі формада да, токенделген түрде де қатар орналастырылды.
Аукцион қорытындысы бойынша жалпы сомасы 50 млрд теңге болатын қысқамерзімді ноталар толық шығарылды. Оның 10 млрд теңгесі – токенделген ноталар. Ноталар 91 күн айналымда болады. Есеп айырысу мен айналымға шығатын күні – 2026 жылғы 11 қараша. Ноталарды шығару қорытындысы бойынша алынған бір жылдағы орташа кірістілік – 15,72%. Аукцион кезінде ноталарға сұраныс номиналды құнына қарай 70,2 млрд теңгеге жетті. Бұл ұсынылған көлемнен 1,4 есе көп, - деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Бір шығарылымның ноталарын екі формада қатар орналастыру арқылы олардың бағасын белгілеу кезінде бірыңғай шарттарды негізге алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, қаржы құралдарын шығаруға қатысты жаңа тетік сынақтан өткізіліп, заманауи технологиялардың қолданыстағы қаржы нарығы инфрақұрылымымен бірге жұмыс істеу мүмкіндігі тексерілді.
Токенделген нота – электрондық-цифрлық формада шығарылатын қаржы құралы. Оны Ұлттық Банк шығарады және сол нота бойынша міндеттердің орындалуына жауап береді. Ал KASE цифрлық қаржы активтері платформасында нота шығаруға, орналастыруға және оларды айналымға енгізуге қажет технологиялық инфрақұрылым ұсынады. Токенделген нота алғандардың құқығы KASE платформасында есепке алынады. Бұл мәліметтер Орталық бағалы қағаздар депозитарийі тізімінде де көрсетіледі. Аукционда жасалған мәмілелер бойынша клиринг пен есеп айырысу жұмыстарын KASE Клиринг орталығы жүргізеді, - делінген хабарламада.
Жобаның сәтті жүзеге асуы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында токендеу технологиясын кеңінен қолдануға жол ашады. Сондай-ақ цифрлық қаржы құралдарының түрін көбейтіп, отандық қаржы нарығында капитал тартудың жаңа мүмкіндіктерін дамытуға негіз болады.
Жобаның еліміздегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін де маңызы зор. Біртіндеп енгізілетін мұндай технологиялар қаржы секторының технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қазақстанның капитал нарығындағы бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қаржы нарығына қатысушылардың заманауи цифрлық ортада жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстанда цифрлық қаржы активтерін, оның ішінде электрондық-цифрлық нысандағы қаржы құралдарын шығару мен олардың айналымын реттейтін заң нормалары күшіне енді.
KASE цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде Ұлттық банкте тіркеуден өткен алғашқы ұйым болды.
Айта кетейік, бұған дейін алаяқтар әлеуметтік желі арқылы Ұлттық банк атынан жалған хат таратып, ақша ұрлау деректері анықталғаны хабарланды.