Қазақстанда мектептер жаппай алты күндік оқуға көше ме?
Білім беру ұйымдары үшін бес күндік те, алты күндік те оқу аптасы заңнамада қарастырылған.
Қазақстанда мектептердің алты күндік оқу жүйесіне көшуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифингте журналистердің бірі мектептердің алты күндік оқу аптасына көшетініне қатысты ақпаратты нақтылады.
Министрлік мәліметінше, еліміздегі білім беру ұйымдары үшін бес күндік те, алты күндік те оқу аптасы заңнамада қарастырылған. Яғни, оқу форматын таңдау мектептің өзіне байланысты.
Оқу аптасының ұзақтығы бірнеше факторға тәуелді. Атап айтқанда, оқушылар саны, білім беру ұйымының мәртебесі (мектеп, гимназия немесе лицей) және оқу жүктемесі ескеріледі. Қазіргі таңда барлық мектепті алты күндік оқуға көшіру туралы министрлік тарапынан ешқандай ресми шешім қабылданған жоқ, – деді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, жекелеген мектептерде бес күндіктен алты күндікке көшу мәселесі туындаса, бұл нақты оқу орнының ішкі шешімі арқылы жүзеге асады.
Еске салайық, бұған дейін министрлік мұғалімдерге әлеуметтік желі жүргізу міндетті ме деген сұраққа жауап берді.