Қазақстанда мектеп оқулықтарына өзгеріс енгізіледі
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова алдағы шаралар жайында баяндады.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституция аясында мектеп оқулықтарына өзгеріс енгізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің отырысында заңнаманы жаңа Конституцияға сай келтіру мәселесі қаралды. Осы орайда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова алдағы шаралар жайында баяндады.
Министрдің айтуынша, қазір мектептерде қолданылып жүрген оқулықтар 2018-2019 жылдары басылған және содан бері мазмұндық тұрғыдан жаңартылмаған. Осыған байланысты олар жаңа Конституциялық өзгерістер мен заманауи талаптарға сай қайта қаралады.
2026 жылы 3, 4, 7, 8, 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады. 2027 жылы 1 және 5 сыныптар оқулықтары жаңадан басылады. 10-11 сынып оқулықтарының мазмұны қайта қаралады. 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар жарық көреді, – деді Оқу-ағарту министрі.
Ал Премьер-министр оқулықтарды жаңарту – өте маңызды екенін еске салды.
Біз мүлдем жаңа кезеңге аяқ бастық. Сондықтан Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, таза Қазақстан және басқа да қағидаттар оқулықтарға міндетті түрде енгізілуге тиіс. Бұны бақылауға алыңыз, - дейді Бектенов.