Мектеп бітіру кештеріне тыйым салынды: Министр мәлімдеме жасады
11-сынып түлектеріне аттестат 17-18 маусымда табысталады.
Қазақстанда 29 мамыр мен 15 маусым аралығында 9 және 11-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауы өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, биыл қорытынды аттестаттауды 343 мың 9-сынып оқушысы тапсырады. Ал 11-сыныпты 215 мың түлек аяқтайды.
9-сынып оқушылары үшін математика пәнінен жазбаша емтихан 29 мамырда өтеді. Таңдау пәндері бойынша емтихан 3 маусымға белгіленген. Оқыту тілі пәнінен жазбаша жұмыс 8 маусымда, ал оқыту тілі мен әдебиеті пәні бойынша емтихан 11 маусымда ұйымдастырылады.
11-сынып түлектері Қазақстан тарихынан ауызша емтиханды 2 маусымда тапсырады. Алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша жазбаша емтихан 5 маусымға жоспарланған. Оқыту тілі пәні – 9 маусымда, таңдау пәндері – 12 маусымда, ал оқыту тілі мен әдебиеті пәні бойынша емтихан 15 маусымда өтеді.
Министрлік мәліметінше, емтихан материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы оқу бағдарламасына сәйкес әзірлеген. Академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында емтихан материалдары білім беру ұйымдарына тікелей емтихан күні жіберіледі.
Сондай-ақ 11-сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17-18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу тапсырылды.
Оқу-ағарту министрлігі мейрамханаларда, кафелерде және банкет залдарында бітіру кештерін өткізуге, сондай-ақ заңсыз қаражат жинауға тыйым салынғанын ескертті.
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлескен бұйрық қабылдаған. Әкімдіктерге бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстау тапсырылды, - деді Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында.