15 Шілде 2026, 10:11 Фото: gov.kz

Қазақстанда медициналық зертханаларды аккредиттеу толық цифрландырылады

Енді аккредиттеу аттестаты немесе дәлелді бас тарту электрондық үкімет порталы арқылы екі күн ішінде рәсімделеді.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізетін медициналық зертханаларды аккредиттеу қағидаларына өзгерістер әзірледі. Енді аттестат электрондық үкімет порталы арқылы цифрлық форматта небәрі екі күн ішінде рәсімделеді. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Ведомствоның мәліметінше, бұл өзгеріс бизнес үшін рәсімді жедел әрі ыңғайлы етеді. Алайда зертханалардың сапасы мен сараптама жүргізуіне қойылатын қатаң талаптар бұрынғыдай сақталады.

Министрлік цифрландыру рәсімнің соңғы кезеңіндегі қағаз құжат айналымын азайтып, өтініш берушілерге нәтижені алуды жеңілдететінін атап өтті.

Бұйрық жобасына сәйкес, аккредиттеу қорытындысы бойынша шешім қабылданғаннан кейін өтініш беруші мемлекеттік қызметті алу үшін электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтінім беруі керек. Нәтижесінде аккредиттеу аттестаты беріледі немесе электрондық форматта дәлелді бас тарту жолданады.

Бұл ретте аккредиттеу рәсімінің өзі өзгермейді. Аккредиттеу жүргізуге өтініш беру тәртібі, қажетті құжаттарды ұсыну, зертхананы бағалау және мемлекеттік орган мен өтініш беруші арасындағы есептер алмасу тәртібі бұрынғы қалпында қалады. Осы кезеңдердің барлығы қолданыстағы тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

Өзгерістер сынақ зертханаларына жаңа талаптар енгізуді көздемейді және бизнеске қосымша жүктеме түсірмейді.