Қазақстанда медициналық авиация ұшақтары жаңартылады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық авиация ұшақтары заманауи әрі тиімді тікұшақтарға ауыстырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр "Еурокоптер Қазақстан инжиниринг" зауытына барып, медициналық авиацияны дамыту және әуе кемелері паркін жаңарту мәселесін талқылады. Сол жерде "Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering" бас директоры Себастьян Ксавье Джонатан медициналық авиация қызметтерін көрсету үшін жаңа H125 тікұшақтарын жеткізуге болатынын айтты.
Біз ескі медициналық авиация ұшақтарын жаңа, заманауи және тиімдірек ұшақтарға ауыстыру процесін бастаймыз. Жоспарланған әріптестік шеңберінде инвестициялар туралы келісім шарттарында біз тозған техниканы жаңа медициналық тікұшақтармен алмастыра аламыз, - деп жазды Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, жаңа ұшақтар алдымен пациенттер мен медицина саласының қызметкерлері үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ борттарда медициналық көмек көрсету үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалады.
Министр сапар барысында "Alaman Air" әуекомпаниясына тиесілі екі медициналық модулмен жабдықталған Bombardier CRJ-200 турбореактивті мамандандырылған ұшағын да қарап шықты.
Қазіргі заманғы борт Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша өңіраралық тоқтаусыз рейстерді, сондай-ақ науқас ел азаматтарын шетелдік клиникалардан тасымалдау бойынша халықаралық рейстерді орындауға арналған, - дейді министр.
Айта кетері, медициналық авиация шұғыл жағдайларда пациенттерді жедел жеткізуді қамтамасыз етеді, қан компоненттерін, трансплантаттау үшін ағзаларды тасымалдауға көмектеседі, сондай-ақ елдің ең шалғай түкпірлеріндегі медициналық көмек көрсетеді.