Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау аяқталды
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, республика бойынша сағат 20:00-де тізімге енгізілген сайлаушылардың 58,55% дауыс берді.
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру аяқталды. 29 қараша күні сағат 20:00-де сайлау учаскелері жабылып, комиссия мүшелері дауыстарды санауға кірісті.
Бұл жолы ел бойынша 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Оның ішінде 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихат бар. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Сайлауға 10 971 кандидат қатысып, бір мандат үшін орта есеппен үш үміткер бақ сынады. Дауыс берушілер тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген. Елімізде 10,3 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, республика бойынша сағат 20:00-де тізімге енгізілген сайлаушылардың 58,55% дауыс берді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 учаскеде өз таңдауын жасады. Үкімет мүшелері мен өңір әкімдері де дауыс берді.
Сайлауға алғаш рет қатысқан 18 жастағы жастардан бастап, жасы 100-ден асқан қарияларға дейін белсенділік танытты. Мәселен, Қызылорда облысының Сырдария ауданында 105 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров дауыс берді.
Сайлау учаскелерінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да жағдай жасалды. Пандустар, тактильді көрсеткіштер мен Брайль қарпімен жазылған материалдар дайындалды. Учаскеге өздігінен бара алмайтын азаматтар үйден дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды.
Сайлау барысын 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымның бақылаушылары қадағалады.
Мәслихат депутаттарын сайлаудың түпкілікті қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануға тиіс. Жаңа құрамдағы депутаттар алдағы бес жылда өңірлерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, мектептер мен емханалардың жұмысы сияқты жергілікті маңызы бар мәселелермен айналысады.