Қазақстанда МӘМС жүйесімен қамту алғаш рет 90%-дан асты
Міндетті әлеуметтік медициналықсақтандыру (МӘМС) жүйесінің тарихында алғаш рет ел азаматтарының 90%-дан астамы сақтандырылған мәртебеге ие болып, кең көлемді медициналық көмек пакетіне кепілдендірілген қолжетімділік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Бұл нәтиже Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған жүйелі өзгерістердің арқасында мүмкін болды. 2025 жылдың шілде айында Қазақстанда МӘМС жүйесіне бірқатар маңызды жаңашылдықтарды енгізу туралы заң қабылданды.
Қабылданған заң аясында биылғы жылдың қаңтарынан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен МӘМС жүйесі арқылы дағдарыс және төтенше деңгейдегі (D және E санаттары) шамамен1 миллион адам қосымша қамтылды.
Бұл дегеніміз, табысы төмен тағы 5% Қазақстан азаматтары МӘМС арқылы жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізді.
Алғаш рет тәжірибеде әкімдіктер дағдарыстық (D) және төтенше (E) деңгейдегі жұмыссыз азаматтардың МӘМС жүйесіне жарналарын төлейтін механизм енгізілді.
Қиын өмірлік жағдайда қалған адамдар енді медициналық көмексіз қалмайды: бұл жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алады.