Қазақстанда мамандандырылған мектептер желісі ашылады
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комитет төрағасы атап өткендей, жақында елімізде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды.
Оның аясында "Білім туралы" заңға желілік мектептердің қызметі туралы норма енгізілді. Бүгінде елімізде НЗМ, БИЛ мектептерінің желісі жұмыс істейді.
Бұл мектептер, әрине, барлық тілек білдірушілерді оқыта алмайды. AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын іске асыру шеңберінде 2023-2027 жылдары барлық өңірде Абай атындағы мектептер, О.Жәутіков, Қ.Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT мектептер желісін ашу жоспарланып отыр. Бұл мектептер, әсіресе ауылдық жерлердегі балаларға білім алуға мүмкіндік береді, - деді Қаныбек Жұмашев.
Оның сөзінше, гуманитарлық білім беруді дамыту мақсатында (қазақ әдебиеті, журналистика, ақындық өнер – "Толық адам" идеясын іске асыр) Абай атындағы мектептер желісін құру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Абай атындағы мектептер 12 өңірде жұмыс істейді. 2027 жылға дейін қалған 8 өңірде ашу жоспарланған. Абай мектептері желісі үшін базалық мектеп - Абай атындағы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мамандандырылған мектеп-интернат болып белгіленді.
"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2018 жылдан бастап республикада IT-мектептер ашыла бастады. It-мектептердің ерекшелігі – IT-технологиялар саласындағы мамандандыру, ерте профильдеу, робототехника мен бағдарламалауды, 3D модельдеуді және т.б. тереңдетіп оқыту. Осылайша, еліміздегі It-мектептердің негізінде республикалық желіге кіретін О. Жәутіков мектептерінің желісі құрылады, - деп айтты Орта білім комитетінің басшысы.
Сондай-ақ инженерлік-техникалық бағытындағы Қ.Сәтбаев мектептер желісін құру жоспарлануда (физика, математика, информатика, химия және географияны тереңдетіп оқыту).
Желілік мектептердің ерекшелігі - бір желіге кіретін барлық мектептер бір бағытта, бір бағдарламалар мен оқу жоспарлары бойынша жұмыс істейтін болады. Әр желіде бір мектеп базалық болады, яғни желідегі қалған мектептердің қызметін үйлестіреді.
Осылайша, еліміз бойынша жоғары білім сапасын қамтамасыз ететін мамандандырылған мектептердің желісі қалыптасады, оған оқуға ауылдардың кез келген баласының қолжетімділігі артады, сайып келгенде, ауыл мен қаладағы білім сапасындағы алшақтық жойылады, - деп толықтырды ведомство өкілі.