Қазақстанда мал дәрігерлерінің жалақысын көбейту ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде ветеринарлардың жалақысы ең төмен екенін айтып, оны көбейту үшін бірнеше шара ұсынды.
Министр аграрлық сектордағы ең төменгі жалақы алатын мамандықтардың бірі – ветеринарлық дәрігерлер екенін атап өтті. Сөзінше, республика бойынша мал дәрігерлерінің орташа жасы 40-55 жасты құрайды.
Ветеринарлық секторда жас жоғары білікті кадрлар жетіспейді. Аудандық ветеринариялық станциялардағы жоғары білімді ветеринариялық дәрігердің орташа жалақысы барлық аударымдарды шегермей 98 мыңнан 206 мың теңгеге дейін, зертхана қызметкерлерінің орташа жалақысы 125 мыңнан 174 мың теңгеге дейін, - дейді Ербол Қарашөкеев.
Ауыл шаруашылығы министрі жергілікті жерлерде мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы мамандарының жалақысын көтеру үшін бірнеше шешім ұсынды:
- жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық іс-шараларды жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтерді қайта қарау (вакцинациялау, қан сынамаларын алу және жеткізу, жануарларды сәйкестендіру және т. б.);
- ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметке жатқызылған ақылы қызмет түрлерінің көлемін ұлғайту (жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес аурулары бойынша емдеу-алдын алу қызметі, дезинсекция, дезинфекция, дератизация, ветеринариялық препараттарды, ветеринариялық және зоотехникалық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды өткізу және т. б.);
- патогендігі I және II топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істеуді жүзеге асыратын азаматтық қызметші болып табылмайтын мемлекеттік кәсіпорындардың мамандары мен қосалқы персоналына еңбекақы төлеудің үлгілік жүйесін бекіту (қан сынамаларын іріктеуді және вакцинациялауды жүзеге асыратын ЖАО ауылдық округтерінің ветеринариялық дәрігерлері, сондай-ақ жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасын жүзеге асыратын зертхана қызметкерлері);
- «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына толықтырулар енгізу;
- бір ветеринарға жүктеменің бірыңғай нормасын бекіту.
Ветеринария жүйесін реформалау шеңберінде ұсынылатын шаралар мал дәрігерінің кәсібінің тартымдылығын және құзыретін арттырады, сондай-ақ сауықтыруға арналған жәрдемақыны кемінде 2 лауазымдық айлықақы, ал қосымша ақыны лауазымдық айлықақының 50%-ы мөлшерінде ұлғайтады, - дейді Қарашөкеев Мәжілісте.
Сөзінше, Үкіметтің қаулысына енгізілген өзгерістер Мемлекеттік мекемелердің ветеринарларына инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарымен жұмыс істегені үшін қосымша ақыны ұлғайтуға мүмкіндік береді.