Лудомания, алкоголь және есірткіге қарсы күресті күшейту ұсынылды
Мәжіліс депутаты Үкіметтен тәуелділіктің барлық түріне қарсы бірыңғай ұлттық бағдарлама әзірлеуді сұрады.
Депутат Асылбек Нұралин Премьер-министр Олжас Бектенов атына депутаттық сауал жолдап, нашақорлыққа, алкогольге, темекіге және құмар ойындарына тәуелділікке қарсы мемлекеттік саясатты күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда бұл мәселелер халық денсаулығына, әлеуметтік жағдайға және елдің демографиялық дамуына кері әсер етіп отыр.
Әсіресе халық тығыз орналасқан қалаларда есірткіге тәуелділік, алкоголь мен темекіні шектен тыс пайдалану, сондай-ақ лудомания деңгейі артып келеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне алып келуде, – деді Асылбек Нұралин.
Ол ресми мәлімет бойынша елде шамамен 18 мың адам есірткіге тәуелділік есебінде тұрғанын, алайда нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар 100 мыңнан астам адам маскүнемдіктен зардап шегеді.
Депутаттың сөзінше, халықтың 17,5 пайызы темекі шегеді, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар. Ал шамамен 300 мың азаматта құмар ойындарына тәуелділік белгілері байқалады.
Бұл теріс әрекеттер адамдарды қаржылық қиындықтарға, құқық бұзушылықтарға және әлеуметтік оқшаулануға алып келуде, – деді ол.
Асылбек Нұралин ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мәселенің бірі – тәуелділікке ұшырағандардың жасарып бара жатқаны екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз, ал сарапшылар ведомствоаралық үйлестірудің әлсіздігін, мамандар тапшылығын және алдын алу жұмыстарының тиімсіздігін айтып отыр.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кешенді талдау жүргізіп, арнайы ведомствоаралық комиссия құру ұсынылды.
Сонымен қатар депутат:
- темекі мен алкоголь жарнамасына, әсіресе интернет пен цифрлық платформалардағы бақылауды күшейтуді;
- онлайн-ставкалар мен құмар ойындарына жастардың қолжетімділігін шектеуді;
- мектептердегі профилактикалық жұмыстарды жаңартуды;
- оңалту қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды;
- тәуелділіктің барлық түріне қарсы бірыңғай ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Асылбек Нұралин көтерілген мәселелердің әлеуметтік маңызы жоғары екенін айтып, Үкіметтен осы бағыттағы жоспарланған шаралар туралы ресми ақпарат беруді сұрады.
Еске салсақ, бұған дейін AMANAT фракциясының депутаттары Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновке жаппай тренингтер мен іс-шараларда былапыт сөздерді ашық қолдану фактілеріне құқықтық әрі этикалық баға беру туралы депутаттық сауал жолдады.