Қазақстанда күз қандай болады? – Синоптиктер маусымдық болжам ұсынды
Синоптиктер 2025 жылғы күзге маусымдық болжам жасады. Қазақстанда қыркүйек салыстырмалы жылы өтсе, қазан айында алғашқы үсік күтіледі. Қараша әдеттегіден жұмсақ болады деп болжануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2025 жылғы күзге арналған маусымдық болжамды жариялады. Жалпы алғанда, күз тыныш өтеді деп күтілгенімен, ауа райы құбылмалы болады.
Қыркүйек салыстырмалы түрде жұмсақ басталады. Ел бойынша орташа температура климаттық нормаға жуық болады. Батыс пен солтүстік-батыс аймақтарда әдеттегіден 1 градусқа жылырақ, ал солтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік-шығыста керісінше – 1 градусқа салқынырақ болады деп болжанып отыр. Қыркүйектегі жауын-шашын мөлшері өткен жылдардағыдай болады, бірақ кейбір оңтүстік және батыс облыстарда азаюы мүмкін. Әсіресе бұл Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Ұлытаудың бір бөлігіне қатысты.
Қазан айы күздің алғашқы нақты белгілерін алып келеді. Түнде үсік жүреді, әсіресе солтүстік және орталық өңірлерде. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы нормаға жуық болады, ал батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыста сәл жылырақ – әдеттегіден шамамен 1 градус жоғары болады. Жауын-шашын біркелкі түспейді: солтүстік-батыста, сондай-ақ оңтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында мөлшері көбірек, ал басқа аймақтарда нормаға жуық болады.
Қараша айында қыс лебі сезіледі. Республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжануда. Бұл қарашаны алдыңғы жылдарға қарағанда біршама жұмсақ қылуы мүмкін. Тек оңтүстіктің ең шеткі өңірлері мен оңтүстік-шығыста ауа райы осы айға тән деңгейде сақталады. Жауын-шашын мөлшері көпшілік аймақта орташа жылдардағыдай болады, бірақ орталықта, оңтүстікте және шығыста нормадан төмен болуы ықтимал.
Қазгидромет еске салғандай, маусымдық болжам кеңес сипатында ғана жасалады және үнемі нақтыланып отырады – алдымен тоқсан сайын, кейін айлық, онкүндік және апталық деңгейде. Дегенмен, қазірдің өзінде 2025 жылғы күз Қазақстанда біршама жұмсақ әрі тыныш болатыны айтылады: аса қатты температуралық ауытқулар немесе апатты жауын-шашындар күтілмейді. Бірақ, әдеттегідей, табиғаттың тосын сыйлары болуы мүмкін. Сондықтан ауа райына сай киіну және болжам жаңартуларын қадағалау ұсынылады.