30 Қазан 2026, 11:51 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда корпоративтік табыс салығын төлеу тәртібі өзгерді: Кәсіпкерлер нені білуі керек?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша аванстық төлемдерді әкімшілендіру тәртібі өзгерді. Енді салық төлеушілер декларация тапсырғанға дейінгі кезеңге аванстық төлем есебін өздері ұсынбайды. Оны мемлекеттік кірістер органдары дербес есептейді. Сонымен қатар аванстық төлем төлеуге міндеттейтін жылдық жиынтық табыс шегі 325 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 600 мың АЕК-ке дейін ұлғайды.

Бұл өзгерістер кәсіпкерлерге қалай әсер етеді? Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің Әуезов ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бек Қалиақбар жаңа тәртіптің негізгі талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Аванстық төлемді есептеу тәртібі өзгерді

Маманның айтуынша, 2026 жылдан бастап енгізілген негізгі жаңашылдықтардың бірі - корпоративтік табыс салығы бойынша декларация тапсырылғанға дейінгі аванстық төлемдерді есептеу міндетінің өзгеруі.

Бұған дейін салық төлеушілер қаңтар, ақпан және наурыз айларына арналған аванстық төлем есебін декларация тапсырылғанға дейін өздері ұсынатын. Ал биылдан бастап бұл міндет мемлекеттік кірістер органдарына берілді.

2026 жылдан бастап қаңтар, ақпан және наурыз айларына арналған аванстық төлем есебін салық төлеушілердің өздері ұсыну тәртібі жойылды. Енді осы үш айға арналған аванстық төлемдерді мемлекеттік кірістер органдары дербес есептейді, - деп түсіндірді Бек Қалиақбар.

Аванстық төлем төлеуге міндеттейтін табыс шегі өсті

Екінші маңызды өзгеріс - аванстық төлемдерді есептеу және төлеу міндетін анықтайтын жылдық жиынтық табыс мөлшерінің ұлғаюы.

Бұған дейін бұл көрсеткіш 325 мың АЕК болса, 2026 жылдан бастап 600 мың АЕК-ке дейін көтерілді. Аталған шек тиісті түзетулер ескерілген жылдық жиынтық табыс негізінде есептеледі.

Маманның сөзінше, бұл талапты қолдану кезінде Салық кодексінде көзделген алдыңғы салық кезеңіндегі жылдық жиынтық табыс ескерілуі керек.

Жылдық жиынтық табыстың шегі 325 мың АЕК-тен 600 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұл көрсеткіш аванстық төлемдерді есептеу және төлеу міндетінің бар-жоғын анықтау үшін қолданылады. Оны айқындау кезінде тиісті алдыңғы салық кезеңіндегі жылдық жиынтық табыс ескеріледі. Мұндай өзгеріс белгіленген шекке жетпейтін заңды тұлғаларды аванстық төлем төлеушілер қатарына қоспауға мүмкіндік береді, - деді ол.

Осылайша, жылдық жиынтық табысы жаңа шектен аспайтын заңды тұлғалардың бір бөлігі корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді есептеу және төлеу міндетінен босатылады.

Декларация тапсырылғаннан кейінгі төлемді кім есептейді?

2026 жылдың екінші, үшінші және төртінші тоқсандары үшін аванстық төлемдерді есептеу тәртібі де нақтыланды. Маманның түсіндіруінше, декларация тапсырылғаннан кейінгі кезеңдерге арналған аванстық төлемдерді салық төлеушілер өздері есептейді. Бұл тәртіп Салық кодексінің 350-бабында көзделген.

Жалпы жағдайда ай сайынғы аванстық төлем сомасы корпоративтік табыс салығының бір жылдық сомасының он екіден бір бөлігі мөлшерінде белгіленеді. Бұл ретте Салық кодексінің 345 және 689-баптарында көзделген талаптар да ескеріледі.

Алайда заңнамада қарастырылған жекелеген жағдайларда аванстық төлем ағымдағы салық кезеңінде төленеді деп болжанған корпоративтік табыс салығының сомасы негізінде есептеледі.

Мұндай жағдайларға алдыңғы салық кезеңінде корпоративтік табыс салығы сомасының нөлге тең болуы, заңды тұлғаны бөлу немесе бөліп шығару арқылы қайта ұйымдастырудың жекелеген жағдайлары, сондай-ақ цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыру жатады.

Аванстық төлемді есептеу және төлеу мерзімі қандай?

Бек Қалиақбар аванстық төлемдер бойынша есепті ұсыну мен салықты төлеу мерзімдеріне де тоқталды.

Салық кодексінің 350-бабына сәйкес, декларация тапсырылғаннан кейінгі аванстық төлемдер есебі есепті салық кезеңінің 20 сәуірінен кешіктірілмей ұсынылуы керек.

Ал аванстық төлемдер тиісті айдың 25-інен кешіктірілмей төленуге тиіс.

Салық төлеуші ағымдағы салық кезеңінде төленеді деп болжанған корпоративтік табыс салығының сомасына қарай есептік көрсеткіштерді түзетуге құқылы. Яғни аванстық төлем сомасын өзгерту қажет болса, салық төлеуші қосымша есеп ұсына алады. Түзетулер ескерілген мұндай қосымша есепті есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанына дейін тапсыруға болады, - деп түсіндірді маман.

Осылайша, 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді есептеу тәртібі өзгерді. Негізгі жаңашылдықтар - декларацияға дейінгі төлемдерді мемлекеттік кірістер органдарының есептеуі, жылдық жиынтық табыс шегінің ұлғаюы және декларация тапсырылғаннан кейінгі кезеңдерде салық төлеушілердің аванстық төлемдерді өз бетінше есептеуі.