Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы таралып жатыр ма?
Елімізде соңғы аптада COVID-19 жұқтырудың 21 жағдайы тіркелді, ал жаңа PJ.2.1 нұсқасы әзірге анықталған жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың PJ.2.1 деп аталатын жаңа нұсқасына бақылауды күшейтті. Бұл штамның үлесі АҚШ пен Канадада біртіндеп артып келеді. Еуропаның кейбір елдерінде де тіркелгенімен, әзірге ондағы жағдайлар көп емес. Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал қандай және жаңа штам ел аумағында анықталды ма?
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, елімізде COVID-19 инфекциясының таралуына қатысты мониторинг тұрақты жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтырудың 21 жағдайы тіркелді. Бұл алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 48 пайызға аз. Ал 2026 жылдың басынан бері 327 жағдай анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 есе төмен, – деп мәлімдеді комитеттің баспасөз қызметі.
Ал PJ.2.1 нұсқасына келсек, ол «Омикрон» тұқымдасына жатады және JN.1 желісінен тараған. Соңғы геномдық мониторинг қорытындысы бойынша Қазақстанда зерттелген сынамалар арасынан бұл нұсқа табылған жоқ.
Коронавирустың жаңа штамы қалай анықталады?
Мамандардың түсіндіруінше, COVID-19 инфекциясын анықтау үшін әдеттегі ПТР диагностикасы қолданылады. Ал вирустың нақты қай генетикалық желіге жататынын білу үшін толық геномдық секвенирлеу (WGS) әдісі пайдаланылады. Сондықтан коронавирустың әрбір жаңа нұсқасы пайда болған сайын оған арнап жеке ПТР тестін әзірлеудің қажеті жоқ.
Яғни PJ.2.1 штамы Қазақстанда анықталған жағдайда, мамандар оны қолданыстағы зерттеу әдістері арқылы ажырата алады. Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды бақылауды жалғастырып отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, коронавирустың жаңа генетикалық нұсқасының пайда болуы пандемияның жаңа толқыны басталды дегенді білдірмейді. Сондықтан қазір мұндай болжам жасауға әлі ерте.
Мамандар вирустың жаңа нұсқаларының қаншалықты қауіпті екенін бірнеше көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың қатарында:
- аурудың қаншалықты ауыр өтетіні;
- ауруханаға жатқызылғандар мен қайтыс болғандар саны;
- вирустың қалыптасқан иммундық қорғанысты айналып өту қабілеті;
- қолданыстағы профилактикалық шаралардың тиімділігі бар.
Сарапшылар халықаралық сапарлар мен адамдардың елдер арасында жиі қатынауына байланысты жаңа штамның өзге мемлекеттерге таралу қаупі сақталатынын айтады.
Сонымен бірге әзірге жарияланған клиникалық зерттеулерде PJ.2.1 нұсқасы коронавирустың бұған дейін анықталған басқа нұсқаларына қарағанда ауруды ауыр өткізетіні туралы нақты дерек жоқ.