Қазақстанда коммуналдық тарифтер неге өседі: Комитет халықаралық тәжірибені түсіндірді
Коммуналдық тарифтер тек баға емес, желілердің жағдайына да байланысты. Комитет тариф неге қайта қаралатынын түсіндірді.
Қазақстанда коммуналдық тарифтерді қалыптастыру кезінде тек ресурстардың құны ғана емес, инженерлік инфрақұрылымның жағдайы, оны жаңғырту шығындары және жүйелердің сенімділігі де ескеріледі. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті мәлімдеді.
Комитеттің түсіндіруінше, әлемнің көптеген елдерінде тариф саясаты коммуналдық желілердің тозу деңгейімен және оларды уақытылы жаңарту қажеттілігімен тікелей байланысты қалыптасады.
Ведомство халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тарифтерді ұзақ уақыт бойы жасанды түрде төмен деңгейде ұстап тұру инфрақұрылымның ескіруіне, инженерлік желілердің тозуына және түрлі апаттардың көбеюіне әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондықтан көптеген мемлекет коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын халықты әлеуметтік қолдау шараларымен қатар жүргізеді. Бұл тәсіл бір жағынан инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеруге бағытталған, - деп түсіндірді Табиғи монополияларды реттеу комитеті.
Комитет мәліметінше, Қазақстанда да тарифтік шешімдерді қарау кезінде коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мен тұтынушылардың мүддесін қорғау арасындағы теңгерімді сақтауға ерекше назар аударылады.
Тағы оқи отырыңыз: Коммуналдық тарифтердің қымбаттауына не себеп болуы мүмкін?