10 Қараша 2026, 09:53 Фото: pixabay.com

Коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау неге қымбаттап жатыр және бұл бизнеске қалай әсер етеді?

Қазақстанда коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау ақысы өсіп келеді. Соңғы бір жылда тұрғын емес үй-жайларды жалдау құны орта есеппен 3,6%-ға, ал 2020 жылдың соңымен салыстырғанда шамамен 20%-ға өскен. Жалдау ақысы неге өзгеріп жатыр, бизнеске үй-жай жалдау қанша тұрады және баға алдағы уақытта тағы өсе ме? Мұны BAQ.KZ тілшісі анықтады.

Қандай коммерциялық үй-жайларды жалдау көбірек қымбаттады?

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың III тоқсанында Қазақстанда тұрғын емес үй-жайларды жалдау құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға өскен.

Ең жоғары өсім өнеркәсіптік базаларда тіркелді. Оларды жалдау ақысы 8%-ға артқан. Дүңгіршектерді жалдау 6,6%-ға, кеңселер мен әкімшілік үй-жайларды жалдау 4,8%-ға, ал қоймаларды жалдау 4,3%-ға қымбаттады.

Дәріханаға арналған үй-жайларды жалдау құны 3,7%-ға, дәмханаларды жалдау 3,6%-ға, мейрамханаларды жалдау 2,7%-ға өсті. Дүкендерді жалдау 1,4%-ға, сауда орталықтарындағы бутиктерді жалдау 2,8%-ға қымбаттады.

Шаштараздар мен сұлулық салондарына арналған үй-жайлардың жалдау ақысы 2,3%-ға, фитнес-клубтар мен жаттығу залдарынікі 0,9%-ға өсті.

Ал соңғы бес жылдағы өсім бұдан едәуір жоғары. 2020 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда Қазақстанда коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау 19,7%-ға қымбаттаған.

Осы кезеңде шаштараздар мен сұлулық салондарына арналған үй-жайлардың жалдау ақысы ең көп өскен — 37,1%. Дүңгіршектерді жалдау 30,9%-ға, дәріханаларға арналған үй-жайларды жалдау 30,7%-ға қымбаттаған.

Қай қалаларда жалдау ақысы жоғары?

Қазақстанның көп өңірінде жалдау ақысы өскен.

Бір жыл ішінде коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау Батыс Қазақстан облысында ең көп қымбаттады — 5,8%. Астанада баға 4,5%-ға, Павлодар облысында 4,2%-ға, Қарағанды облысында 3,7%-ға өсті.

Алматыда жалдау ақысы 3,6%-ға, Шымкентте 2,9%-ға артқан.

Жалдау құны қалаға және үй-жайдың қандай мақсатта пайдаланылатынына қарай едәуір өзгереді.

САРК кеңесінің мүшесі, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры, жоғары санатты риелтор Виталий Браиловскийдің айтуынша, Алматыда кеңсенің бір шаршы метрін жалдау шамамен 11 мың теңге тұрады. Астанада бұл көрсеткіш 6 800 теңге, Қарағандыда 4 100 теңге, Шымкентте 3 700 теңге.

Саудаға арналған үй-жайларды жалдау сәл арзанырақ. Сарапшының сөзінше, дүкеннің бір шаршы метрін жалдау ақысы Алматыда орта есеппен 8 900 теңге, Астанада 7 700 теңге, Қарағандыда 4 300 теңге, Шымкентте 3 800 теңге.

Алматы мен Астанада қойманың бір шаршы метрін жалдау шамамен 3 500–3 600 теңге тұрады. Қарағандыда бұл көрсеткіш 2 мың теңге, Шымкентте 1 700 теңге шамасында.

Коммерциялық үй-жайларды жалдау неге қымбаттап жатыр?

Жалдау ақысы өскенімен, сарапшы қазіргі жағдайды күрделі деп санамайды.

Виталий Браиловскийдің айтуынша, жалдау ақысының жылдық өсімі 3,6% болып, инфляция деңгейінен төмен қалып отыр.

Қазақстан бойынша коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау ақысы бір жылда орта есеппен 3,6%-ға өсті. Ал 2020 жылмен салыстырсақ, өсім 19,7% болды. Бір жылдағы 3,6% — айтарлықтай өсім емес. Инфляция 9,2% болса, нақты мәнде жалдау ақысы тіпті сәл төмендеген деуге болады. Қазір нарықта тоқырау байқалады, – деп түсіндірді сарапшы.

Ол жалдау ақысының өсуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі ретінде коммуналдық шығындардың артуын атады.

Маманның сөзінше, үй-жай иелері электр энергиясы, жылу, сумен жабдықтау және басқа да қызметтердің қымбаттауын ескеруге мәжбүр.

 Коммуналдық шығындар көбіне жалдау ақысына кіреді. Сондықтан электр энергиясы, жылу мен су қымбаттағанда, жалға беруші осы шығындарды ескеріп, жалдау ақысын көтереді. Кей жағдайда коммуналдық қызметтерге ақы бөлек төленеді, – деді Виталий Браиловский.

Жалдау ақысының өсуі кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

Жалдау ақысының өзгеруі бизнестің жұмысына тікелей әсер етеді. Кәсіпкерлер мұндай жағдайда әртүрлі әрекет етеді.

Сарапшының айтуынша, қарқынды дамып келе жатқан компаниялар көбіне заманауи кеңселерге, қоймаларға және өндірістік үй-жайларға көшеді.

Ал кей кәсіпкерлер шығынын қысқартуға тырысады.

Бизнес дамыған кезде кәсіпкерлер жұмыс жағдайын жақсартып, санаты жоғары кеңселерге немесе қоймаларға көшеді. Ал ісі ойдағыдай жүрмесе, компаниялар жалдап отырған аумағын қысқартуға немесе жалдау ақысы төмен үй-жай табуға тырысады, – деді риелтор.

Кей кәсіпкерлер жалдау ақысының күрт өсуінен сақтану үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуды жөн көреді.

Сарапшының айтуынша, мұндай келісімдер он жылға немесе одан да ұзақ мерзімге жасалуы мүмкін. Кейде тараптар келісімшартта жалдау ақысын жылына бір реттен жиі көтермеу және өсімді 10%-дан асырмау туралы талапты бекітеді.

Виталий Браиловский жалдау ақысын негізсіз көтеру меншік иесінің өзіне де шығын әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Жалға алушы жаңа шарттарға келіспей, көшіп кетсе, үй-жай ұзақ уақыт бос тұруы мүмкін. Ал иесі оны күтіп ұстауға, соның ішінде жылытуға ақы төлеуді жалғастырады.

Жалға берушілер бағаны төмендетуге дайын ба?

Маманның айтуынша, қазір коммерциялық жылжымайтын мүлік иелері жалдау шарттарын әр жалға алушымен жеке талқылауға жиі келіседі. Бұл әсіресе ірі әрі сенімді жалға алушыларға қатысты.

Мәселен, кейбір меншік иелері кәсіпкерге жөндеу жүргізіп, үй-жайды дайындап, кәсібін іске қосқанша жалдау ақысын төлеуден уақытша босатады.

Қазір жалға берушілер кәсіпкерлер үй-жайды ұзақ мерзімге жалға алуы үшін қосымша жеңілдіктер беруге дайын. Бұл әсіресе ұзақ мерзімді келісімшарт жасайтын ірі компанияларға қатысты, – деді Виталий Браиловский.

Жалдау шарттары бизнестің көлеміне, үй-жайдың орналасқан жеріне және меншік иесінің сол жалға алушымен келісім жасауға қаншалықты мүдделі екеніне байланысты.

Жалдау ақысы алдағы уақытта өсе ме?

Сарапшының болжамынша, жақын арада жалдау ақысы күрт өспейді.

Ол Қазақстанда жаңа бизнес-орталықтар мен санаты жоғары қоймалар салынып жатқанын атап өтті. Мұндай үй-жайларды жалдау қымбатырақ болуы мүмкін. Бұл олардың сапасы мен пайдалану жағдайына байланысты.

Коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау ақысының өсуі күтілмейді. Нарықта тоқырау байқалады. А және В санатындағы жаңа бизнес-орталықтар мен заманауи қоймалар салынып жатыр. Әрине, олардың жалдау ақысы жоғары, өйткені бұл үй-жайлардың деңгейі бөлек. Жалпы алғанда, жақын арада баға айтарлықтай өспейді деп ойлаймын, – деді сарапшы.

Виталий Браиловский үй-жай жалдауды жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге меншік иесімен келіссөз жүргізіп, келісімшарт талаптарын мұқият зерделеуге кеңес берді.

 Бағаны келісуге болады. Көп нәрсе жалдау мерзімі мен шарттарына байланысты. Екі тарапқа да кепілдік беретін келісімшарт жасау керек. Шарттар өзара келісіліп, жалға берушіге де, жалға алушыға да тиімді болуы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуі керек, – деп атап өтті ол.

Бұған дейін Қазақстанның қай өңірлерінде пәтер жалдау ақысы көбірек өскені белгілі болған еді.