Қазақстанда көмір қымбаттай ма?

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкімет отырысында алдағы уақытта көмір бағасының, соның ішінде әлеуметтік көмірдің қымбаттау ықтималдылығына қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта аталған станцияға арналған көмірдің бағасы өзгермейді. Ол (баға – ред.) осы жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгерген болатын. Сондықтан жуық арада бағаның өсуі жоспарда жоқ. Біз бағаның қымбаттауын күтпейміз, - деді ведомство басшысының орынбасары.

Сондай-ақ вице-министр көмір құны нарық пен логистикаға байланысты қалыптасады деп отыр.

Қазір көмірдің бағасы реттелмейді, ол бәсекелі ортада белгіленеді. Бұл бағытта біз Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бағаға жеткізу шығындары мен теміржол тасымалы да әсер етеді. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдармен бірге шешілетін болады, – деді Сұңғат Есімханов.

Сондай-ақ ол жылыту маусымына әзірлік тек ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының мерзіміне ғана емес, сонымен бірге жабдықтың жалпы жағдайына да байланысты бағаланатынын алға тартты.

Кейбір жылу электр орталықтарында жөндеу мерзімдері ұзартылып немесе резервтік жабдықты жеткізуде кідірістер байқалуда. Бірақ бұл станциялардың дайын емес екенін білдірмейді. Мысалы, бір станцияда 16 қазандық болса, алдағы маусымда жақын қалаларды жылыту үшін соншасы қажет емес. Дегенмен біз барлық жабдықтың толық дайын болуын талап етеміз, – деп түсіндірді ол.

Есімхановтың айтуынша, Риддер мен Кентау сияқты жекелеген энергия нысандары ерекше бақылауға алынған. Соңғы жылдары бөлінген қомақты қаржының арқасында қажетті жұмыстардың басым бөлігі атқарылды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы