Қазақстанда көмір химиясын дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда
Көмір химиясын жүйелі дамыту үшін Энергетика министрлігі 2026–2031 жылдарға арналған саланы дамыту жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі.
Қазақстанда көмірді терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған көмір химиясы саласы қалыптасып келеді. Қазір осы бағытта бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Қолданыстағы жобалар
Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу жобасы іске асырылуда. Жоба бойынша қытайлық инвестормен инвестициялық келісімге қол қойылған.
Павлодар облысында «Naz Dan Group» ЖШС көмірден жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Компанияға жер қойнауын пайдалану лицензиясы берілген.
Қарағанды облысында «Alfa Plast» ЖШС де жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіруге бағытталған жобаны іске асырып жатыр. Кәсіпорынға жер қойнауын пайдалану лицензиясы берілген.
Жаңа жобалар
Көмір химиясын жүйелі дамыту үшін Энергетика министрлігі 2026–2031 жылдарға арналған саланы дамыту жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі. Құжатқа көмірді терең өңдеуге бағытталған бірқатар перспективалы бастама енгізілген.
Соның бірі – Қарағанды облысында «Qarmet» АҚ базасында коксохимия кластерін дамыту. Жоба аясында жылына 200 мың тоннаға дейін шайырды өңдеу, 35 мың тоннаға дейін бензол өндіру және кокс газын тазарту жоспарланып отыр.
Абай облысында «Samal Commodities» ЖШС 300 мың тонна аммиак және 520 мың тонна карбамид өндіру жобасын жоспарлауда.
Ал Павлодар облысында «Қаз Недро Ресурс» ЖШС Сарыкөл кен орны базасында жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіру жобасын қарастырып жатыр.
Экономикалық маңызы
Көмір химиясын дамыту Қазақстанға көмірді тек шикізат ретінде экспорттау немесе пайдаланумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Бұл бағыт жаңа өндірістер құрумен қатар, инвестиция тартуға, өңірлердегі өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға және көмір ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашуы мүмкін.