Статистикалық мәліметке сәйкес, биылғы үшінші тоқсанда көлік құралдарын техникалық бақылау қызметінің өндірушілер бағасының индексі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,9 пайызға жоғарылаған. Ал екінші тоқсанмен салыстырғанда өсім 14,8 пайызды құрады.
Дегенмен бұл көрсеткіш әрбір жүргізуші үшін техникалық тексеру құны дәл осындай мөлшерде қымбаттады дегенді білдірмейді. Ұлттық статистика бюросы қызмет көрсетушілер бағасының өзгерісін есептейді. Сондықтан нақты жүргізушілер төлейтін сома өңірге және қызмет көрсету орталығына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Техникалық тексеру қызметінің бағасы көлік иелері үшін маңызды шығындардың бірі саналады. Әсіресе, жолаушылар мен жүк тасымалдауға пайдаланылатын көліктердің техникалық жағдайын белгіленген мерзімде тексеріп отыру міндетті.
Статистикаға сүйенсек, техникалық бақылау қызметі баға индексінің жылдық өсімі жоғары болған бағыттардың қатарына кірген. Салыстыру үшін, көмір мен коксты сақтау қызметінің баға индексі бір жылда 34,1 пайызға, ал астық сақтау қызметінікі 9,2 пайызға өскен.