Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі аяқталуға жақын
Салықты мобильді қосымшалар арқылы да төлеуге болады.
Қазақстанда автокөлік иелері үшін 2025 жылға есептелген көлік салығын төлеу мерзімі жақындап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жеке тұлғалар бұл төлемді 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтеуге тиіс.
Көлік салығы әрбір автокөлікке жеке есептеледі. Оның мөлшері негізінен көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты анықталады және есептеу кезінде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пайдаланылады.
2026 жылы төленетін көлік салығын есептеу кезінде 2025 жылғы АЕК мөлшері қолданылады. Ол – 3 692 теңге. Қозғалтқыш көлемі үлкен автокөліктерге салынатын салық көлемі жоғары болады. Сонымен қатар есептеу барысында көліктің жыл ішінде нақты қанша ай пайдаланылғаны да ескеріледі. Яғни салық тек автокөлік меншік иесінің қолында болған кезеңге ғана есептеледі.
Көлік салығының нақты көлемін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы арнайы калькулятор арқылы алдын ала білуге болады. Ол үшін есептік жылды, көліктің пайдаланылған ай санын, көлік түрін және қозғалтқыш көлемін енгізу жеткілікті.
Төлемді бірнеше тәсіл арқылы жасауға болады. Атап айтқанда, eGov Mobile, e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары, банктердің онлайн сервистері немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы төлеу мүмкіндігі бар. Банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлем жасаған кезде салық сомасы автокөлік иесінің ЖСН нөмірі бойынша анықталады.
Азаматтар төлейтін басқа да салықтар
Көлік салығынан бөлек, азаматтар биыл мүлік салығын да төлеуге міндетті. 2025 жылға арналған пәтерлер, тұрғын үйлер, саяжайлар мен гараждар үшін төлем 2026 жылдың 1 қазанына дейін жүргізілуі керек. Салық мөлшерін мемлекеттік корпорация «Үкімет – азаматтар үшін» жүргізген бағалау негізінде салық органдары автоматты түрде есептейді.
Сонымен қатар жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтар жыл сайын табыстары мен мүлкі туралы декларация тапсыруы тиіс. Егер пәтерді жалға беру немесе мүлікті пайдамен сату сияқты жағдайларда жеке табыс салығын төлеу қажеттілігі туындаса, ол Салық кодексінде көрсетілген мерзімде төленеді. Ал декларация тапсырудың соңғы күні – 15 қыркүйек.