Қазақстанда «көлеңкелі» құрылыс нарығы күрт қысқарды: Қай қалаларда жағдай әлі қиын?
Бір жылда «көлеңкелі» нарықтағы нысандар саны 30,7%-ға азайған. Алайда кей қалаларда оның үлесі әлі де 100% деңгейінде қалып отыр.
Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың «көлеңкелі» нарығының үлесі 2026 жылы 41,2%-ға дейін төмендеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 62,5% болған. Бұл туралы BAQ.KZ Қазақстанның тұрғын үй компаниясына (ҚТК) сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның тұрғын үй компаниясы еліміздің 21 қаласында салынып жатқан 636 нысанға талдау жүргізді. Зерттеу 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша ашық интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде жарияланған тұрғын үй кешендерінің жарнамалары негізінде жүргізілген.
Әр нысан бойынша ақпарат 15 параметр бойынша қолмен жиналып, кейін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың «Қазреестр» бірыңғай цифрлық жүйесіндегі деректермен салыстырылды.
Зерттеу нәтижесінде 374 нысан заңды нарыққа, ал 262 нысан «көлеңкелі» нарыққа жатқызылды.
Бір жыл ішінде «көлеңкелі» нарықтың үлесі 21,3 пайыздық тармаққа – 62,5%-дан 41,2%-ға дейін төмендеген.
Бұл ретте заңды нарықтағы нысандардың саны 64,8%-ға өсіп, 227-ден 374-ке жеткен. Ал «көлеңкелі» нарықтағы нысандардың саны 30,7%-ға азайып, 378-ден 262-ге дейін қысқарған.
Зерттеуге енгізілген нысандардың жалпы саны да 5,1%-ға артып, 605-тен 636-ға жетті.
«Көлеңкелі» нарық қай қалаларда көбірек қысқарды?
Ең айқын оң динамика ірі қалаларда тіркелген.
Астанада «көлеңкелі» нарықтың үлесі 2025 жылғы 50,2%-дан 2026 жылы 20,2%-ға дейін төмендеді. Мұндай нысандардың саны 102-ден 43-ке дейін қысқарған.
Шымкентте көрсеткіш 36,9%-дан 15,1%-ға дейін төмендеп, «көлеңкелі» нарықтағы нысандар саны 24-тен сегізге дейін азайған.
Алматыда «көлеңкелі» нарықтың үлесі 64,9%-дан 48,3%-ға дейін төмендеді. 2026 жылы бұл санатқа 101 нысан жатқызылған. 2025 жылы олардың саны 109 болған.
Оң динамика Қонаевта да байқалды. Мұнда көрсеткіш 100%-дан 50%-ға дейін төмендеген.
Ақтөбеде «көлеңкелі» нарықтың үлесі 94,1%-дан 66,7%-ға, ал Өскеменде 64,3%-дан 31,3%-ға дейін азайды.
Алайда компания бұл қалаларда салынып жатқан нысандардың жалпы саны салыстырмалы түрде аз екенін атап өтті.
Қай қалаларда көрсеткіш 100% деңгейінде сақталды?
Бірқатар қалада жағдай бір жыл ішінде өзгермеген.
Петропавл, Түркістан, Тараз, Талдықорған, Орал және Павлодар қалаларында «көлеңкелі» нарықтың үлесі бұрынғыдай 100% деңгейінде қалып отыр.
Сондай-ақ Ақтауда бұл көрсеткіш 95,5%, Көкшетауда 83,3%, Қарағандыда 80% болды.
2026 жылы «көлеңкелі» нарықтың үлесі артқан жалғыз қала – Қостанай. Мұнда көрсеткіш 65%-дан 88,9%-ға дейін өскен.
Зерттеуге алғаш рет Қаскелең мен Жезқазған қалалары да енгізілді. Екі қалада да «көлеңкелі» нарықтың үлесі 0% болды. Дегенмен бұл елді мекендерде бар болғаны бір-екі нысан салынып жатыр.
Нарыққа қандай шаралар әсер етті?
ҚТК мәліметінше, «көлеңкелі» нарық үлесінің төмендеуіне үлестік құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылаудың күшеюі әсер еткен.
Қабылданған шаралардың қатарында үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны және мұндай нысандарды жарнамалағаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін 300-ден 2000 АЕК-ке дейін арттыру бар.
Сонымен қатар «Қазреестр» жүйесінде ақпарат жоқ салынып жатқан нысандарды жарнамалауға тыйым салынды.
Екінші деңгейлі банктерге де әкімдіктің рұқсатынсыз немесе ҚТК кепілдігінсіз салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға ипотекалық несие беруге тыйым салынған.
Тағы бір талап – салынып жатқан тұрғын үй үшін төлемді қолма-қол ақшасыз жасау.
ҚТК атап өткендей, зерттеуге енгізілген нысандардың жалпы саны артқанымен, заңды нарықтағы жобалардың саны көбейіп, «көлеңкелі» нарықтағы нысандар саны азайған.