Бүгiн 2026, 13:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталды

Биыл жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектар болды.

Республика бойынша көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде Премьер-министрдің қатысуымен өткен өңір әкімдерімен кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, биыл жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық.

Бүгінгі таңда республика бойынша көктемгі егіс жұмыстары толық аяқталды. Жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға артық. Дәнді және бұршақ дақылдары 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар 4,3 млн гектарға, бақша дақылдары 211 мың гектарға, картоп 132 мың гектарға және мақта 162 мың гектарға егілді, – дейді Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ министр егіс алдындағы барлық қажетті жұмыс уақытында және толық көлемде жүргізілгенін атап өтті.

Айдарбек Сапаровтың сөзінше, биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасып, жоғары рентабельді дақылдардың үлесі артты.

Биыл майлы дақылдар алқабы 275 мың гектарға, мал азығы дақылдарының алқабы 263 мың гектарға ұлғайтылды. Жүгері алқабы шамамен 80 мың гектарға артып, 253 мың гектарға жетті. Сонымен қатар бидай монодақылының алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12 млн гектарға жетті, – деді министр.

Оңтүстік өңірлерде су көп қажет ететін дақылдар алқабы оңтайландырылды. Оның ішінде күріш алқабы 20,6 мың гектарға, дәстүрлі суармалы мақта алқабы 12 мың гектарға қысқарды.

Жалпы, қалыптасқан егіс құрылымы ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және саланың экспорттық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, – деді Айдарбек Сапаров.