15 Қараша 2026, 08:35 Фото: Қозыбаев атындағы СҚУ баспасөз қызметі

Қазақстанда көбелектің жаңа түрі анықталып, оған академик Манаш Қозыбаевтың есімі берілді

Университет өкілдерінің айтуынша, бұл жаңалық қазақстандық және британдық энтомологтардың бірлескен зерттеу жұмысының нәтижесінде ашылған.

Қазақстанда көбелектің ғылымға белгісіз жаңа түрі анықталып, оған көрнекті тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың есімі берілді. Бұл туралы ғалымның есімімен аталатын Солтүстік Қазақстан университетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Университет мәліметінше, бұл жаңалық көрнекті қазақстандық тарихшы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың (1931–2002) туғанына 95 жыл толуына арналған салтанатты жиын өткен күні жарияланған.

Ғылыми мақалада көбелектің ғылым үшін жаңа түрі – Scythobrya kozybayevi Volynkin & Titov, sp. n. сипатталған. Жаңа түрге академиктің есімінің берілуі – ғалымның ғылымға сіңірген еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет. Осылайша оның есімі халықаралық зоологиялық номенклатурада да мәңгілікке сақталмақ.

Университет өкілдерінің айтуынша, бұл жаңалық қазақстандық және британдық энтомологтардың бірлескен зерттеу жұмысының нәтижесінде ашылған.

Зерттеуге Қазақстан Республикасы Зоология институты мен Ә. Марғұлан атындағы Павлодар университетінің өкілі Сергей Титов және Ұлыбританиядағы African Natural History Research Trust ұйымының маманы Антон Волынкин қатысқан.

Көбелектің жаңа түрі Шығыс Қазақстандағы Арқалы тауларынан табылған. Ол Noctuidae (түн көбелектері) тұқымдасына және Bryophilinae тұқымдас тармағына жатады.

Жаңа түрдің ғылыми сипаттамасы 12 қарашада Entomological Studies халықаралық ғылыми журналында жарияланған.