Қазақстанда "Кітап оқитын ұлт" жобасы басталды
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кіріскен алғашқы күндерден бастап зияткер ұлт қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы білімді ұлт қана жаһандану дәуірінде табысқа жете алатынын үнемі атап өтеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – кітап оқу мәдениетін дамыту.
Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген еді Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында.
Бұл бастаманы қолдау мақсатында «AMANAT» партиясы бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың қатарында – «Кітап-AMANAT» және жаңа «Кітап оқитын ұлт» жобасы бар.
«Кітап-AMANAT» аясындағы шаралар:
- еліміздің әр өңірінде 24 кітап орталығы ашылды;
- отандық баспагерлер үшін ҚҚС алынып тасталды;
- кітапханаларды жаңғырту және қызметкерлердің жалақысын көтеру жұмыстары басталды;
- «Ұлы дала» әдеби байқауы жаңа есімдерді әдебиетке тартуда.
Жоба Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын 10 елдің қатарына енгізуді көздейді. Алғашқы кезеңде Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық режимде жүзеге аспақ.
Мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлер арнайы номинациялар бойынша жарысады. Олардың барлығы алдын ала іріктелген 15 кітапты оқуы тиіс. Бұл тізімге Абайдың Қара сөздері, Мұхтар Әуезовтың Абай жолы, Міржақып Дулатовтың Бақытсыз Жамал романы және Әбдіжәміл Нүрпейісовтің Қан мен тер трилогиясы енген.
Жоба аясында үш аймақта 100 мыңнан астам адам қамтылып, жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады. Келер жылдан бастап жоба бүкіл ел бойынша жалғасады.