Қазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін
Қазақстан ІІМ жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа кімдер ілігетінін түсіндірді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, конституциялық дамудың жаңа кезеңі әділеттілік, гуманизм және адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарын бекітті. Бұл құқықтық жүйені одан әрі жетілдірудің маңызды негізіне айналды.
Рақымшылық құқық бұзушыларға жасалған жеңілдік ретінде емес, мемлекеттік саясаттың гуманистік сипатын көрсететін ерекше құқықтық акт ретінде қарастырылып отыр. Оның басты мақсаты – құқық бұзушылық жасағанымен, қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесу.
Мемлекет мұндай азаматтардың қоғамға, еңбекке және экономикалық өмірге толыққанды оралуына кедергі келтіретін құқықтық әрі қаржылық тосқауылдарды азайтуды көздеп отыр.
Президент тапсырмасын іске асыру аясында Мәжіліс депутаттары құқық бұзушылықтың жекелеген санаттарына рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірледі. ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірге оны талқылау мен пысықтау жұмыстарына қатысып жатыр.
Қылмыстық рақымшылық кімдерге қатысты болады
ІІМ мәліметінше, қылмыстық рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл қылмыс жасаған адамдарға қолданылады.
Сонымен қатар келтірілген шығын болмаған немесе толық өтелген жағдайда, ауырлығы орташа қылмыс жасаған сотталғандар да рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
Сотталғандардың жекелеген санаттарына жасаған қылмысының ауырлығына және жазасын өтеу кезіндегі тәртібіне қарай жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.
ІІМ заң және нормашығармашылық үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шүлденнің айтуынша, қылмыстық рақымшылық шаралары 15 мыңнан астам адамға әсер етуі мүмкін. Оның ішінде шамамен 1,5 мың сотталған түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр.
Сонымен қатар ведомство рақымшылық қоғамдық қауіпсіздікке қатер тудырмайтынын атап өтті. Себебі заң жобасында нақты шектеулер қарастырылған.
Рақымшылық террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандарға, азаптау әрекеттеріне, сондай-ақ жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстарға, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты істерге қолданылмайды.
Сондай-ақ рақымшылық қайталап қылмыс жасаған адамдарға жүрмейді.
Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады
Бұл бастаманың басты ерекшелігі – тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылықтың жүргізілуі.
Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 15 мемлекеттік орган құзыретіне кіретін 263 бабын қамтиды.
2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын нотариустарды, адвокаттар мен жеке сот орындаушыларын босату көзделіп отыр.
ІІМ мәліметінше, тек ведомство бағыты бойынша рақымшылық жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын шамамен бір миллион әкімшілік айыппұлды қамтуы мүмкін.
Қандай айыппұлдар кешірілмейді
ІІМ әкімшілік рақымшылық адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайтынын атап өтті.
Атап айтқанда, заңсыз қару және есірткі айналымына, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға, соның ішінде мас күйінде көлік жүргізуге, қарсы жолаққа шығуға және жүргізуші куәлігінен айыруға әкелген басқа да құқық бұзушылықтарға рақымшылық жүрмейді.
Сондай-ақ рақымшылық қайталанған құқық бұзушылықтарға және сот қарауындағы істерге қолданылмайды.
Ведомство өкілдері рақымшылық жүргізу қолданыстағы бақылау тетіктерінің тиімділігіне әсер етпейтінін және қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне кері ықпал жасамайтынын айтты. Жолдар мен қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіпті бақылау толық көлемде сақталады.
Қазір заң жобасы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр. Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, ол гуманизм қағидаттары мен жауапкершіліктің бұлжымайтындығын ұштастырып, азаматтарды қолдау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.