Қазақстанда кімдер iPhone 17-ні бір айлық жалақысымен сатып ала алады

Қазақстанда жаңа iPhone 17 бағасы 429 мың теңгеден басталады. Сарапшылардың есебінше, қазақстандықтарға оны сатып алу үшін 37 жұмыс күні немесе 1,7 айлық жалақы қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Finprom-ға сілтеме жасап.

Apple ресми түрде жаңа iPhone 17 желісін таныстырды. Оған стандартты модель, Pro, Pro Max және ең жұқа смартфонға айналған жаңа iPhone Air (қалыңдығы бар болғаны 5,6 мм) кіреді.

Презентация 9 қыркүйекте өтті. Алдын ала тапсырыс 12 қыркүйекте басталып, сатылым 19 қыркүйекте іске қосылады.

Базалық iPhone 17 (256 ГБ жады) 799 доллар тұрады. Бұл шамамен 429,1 мың теңгеге тең.

Ал Pro нұсқалары мен 1 ТБ-қа дейінгі жады бар үлгілер әлдеқайда қымбат – 1 199 доллардан жоғары. Теңгеге шаққанда бұл шамамен 900-950 мың теңге және одан көп, оған бөлшек саудадағы үстемақылар қосылмаған.

ТМД мен Орталық Азия елдерінде iPhone 17-ні бір айлық жалақыға сатып алу мүмкін болмай тұр. Сарапшылардың есебінше, көптеген қазақстандықтар үшін жаңа iPhone алу – тек қана қуаныш емес, сонымен қатар елеулі қаржылық салым. Қазақстан рейтингте 82-орынға табан тіреген: гаджетті сатып алу үшін 37 жұмыс күні немесе шамамен 1,7 айлық жалақы қажет.

Numbeo.com сайтындағы мәлімет бойынша, Қазақстандағы орташа айлық жалақы 533,4 доллар немесе 286,4 мың теңге. Бұл көрсеткіш медианалық (шамамен орташа) жалақыға жақын. Егер қазақстандықтың табысы номиналды көрсеткішке (448,6 мың теңге) тең болса, онда iPhone 17 сатып алу үшін оған бір айлық еңбекақысы жеткілікті. Алайда бұл тек статистикалық дерек, ол елдегі қарапайым азаматтың нақты табысын көрсетпейді. Сондықтан мұнда медианалық жалақы ұғымы шынайырақ көрсеткіш болып есептеледі.

iPhone 17 желісінің басқа үлгілері (256 ГБ) одан да қымбат. Ең жоғарғы бағадағысы – iPhone 17 Pro Max (697,6 мың теңге). Мұндай смартфонды бір айлық жалақысымен тек орташа номиналды жалақыдан 1,5 есе артық табыс табатындар ғана сатып ала алады. Олардың қатарында мұнай-газ саласының мамандары, су және әуе көлігі ұйымдарының қызметкерлері, қаржыгерлер, бағдарламашылар, басқарушы кадрлар, сондай-ақ сақтандыру және жалға беру саласында жұмыс істейтіндер бар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда iPhone 17 сатылымға қашан шығатыны белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы