Бүгiн 2026, 12:10 Фото: gov.kz

Қазақстанда киік төлдеріне GPS-датчик орнатып жатыр

Мамандар киіктердің көшу бағытын үш жыл бойы бақыламақ.

Ақтөбе облысында енді ғана дүниеге келген киік төлдеріне GPS-датчигі бар арнайы сырғалар тағылып жатыр.

«24kz» телеарнасының хабарлауынша, мамандар киіктердің көшу жолын бақылау үшін сырғаның екі түрін қолданады:

  • қарапайым сырға текелерге тағылады;
  • ал аналықтарына GPS-датчигі бар сырға орнатылады.

Белгілі болғандай, датчик күн батареясы арқылы жұмыс істейді және жануардың көшу бағытын үш жыл бойы бақылауға мүмкіндік береді.

Датчиктің салмағы 32 граммды құрайды. Ол киіктің орналасқан жері туралы мәліметті күніне төрт рет жіберіп отырады.

Жақында бір киік лағы біз тапқан жерден 7 шақырым қашықтықта белсенділік көрсеткені байқалды. Бұл киік төлдерінің күн өткен сайын күшейіп келе жатқанын, яғни белсенділігі артып, аналарына ілесіп жүргенін білдіреді, – деді Батыс Қазақстан өңірлік үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы «Табиғи орта» ұйымының директоры Айбат Мұзбай.

Зоология институтының қызметкерлері үш ауданның шекаралас аумағында жұмыс істеп жатыр:

  • Мұғалжар;
  • Байғанин;
  • Шалқар.

Бұл аумақта киіктің Үстірт популяциясы таралған. Төлдеу кезеңінде жануарларды «Охотзоопром» мамандары бақылап, қорғауды қамтамасыз етеді.