Бүгiн 2026, 15:15 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Газ баллондарының жарылысынан 33 адам көз жұмды – ТЖМ

ТЖМ газ жарылыстарына байланысты 5 жылдағы статистиканы ұсынды.

Қазақстанда соңғы бес жылда тұрмыстық газ баллондарының жарылысы ондаған адамның өмірін қиып, жүздеген тұрғынның зардап шегуіне себеп болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде газ жарылыстарынан 33 адам қаза тауып, тағы 285 адам түрлі жарақат алған. Бұл туралы ведомствоның BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында айтылған. 

Бес жылдағы статистика: 137 жарылыс

ТЖМ дерегіне сәйкес, 2022 жылдан бері тұрғын үйлерде газ баллондары жарылған 137 жағдай тіркелген. Бұл оқиғалардың басым бөлігі тұрғын секторда болған.

Ведомство мәліметінше, газ баллондары көбіне орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған ауылдық елді мекендер мен жеке тұрғын үйлерде кеңінен қолданылады.

285 адам зардап шекті, 33 адам көз жұмды

Министрлік соңғы бес жылдағы салдар да ауыр болғанын айтады. Ресми мәлімет бойынша, газ жарылыстары салдарынан 285 адам зардап шеккен. Оның ішінде 33 адам қаза тапқан.

Бұл көрсеткіш тұрмыстық газ қауіпсіздігі мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Газ жарылыстары қай өңірлерде жиі болады?

ТЖМ мәліметінше, жарылыстар жыл сайын әртүрлі өңірлерде жиі тіркеліп отырған.

2023 жылы мұндай жағдайлар көбіне Ақмола, Ақтөбе және Алматы облыстарында болған.

2024 жылы Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары алдыңғы қатарға шыққан.

2025 жылы Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жағдай жиілеген.

Ал биыл Ақмола, Ақтөбе және Түркістан облыстарында газ жарылыстары тіркелген.

Негізгі себеп – тұрғындардың немқұрайлылығы

Министрлік мәліметінше, жарылыстардың басты себебі – қауіпсіздік талаптарын сақтамау.

Ең жиі кездесетін бұзушылықтар қатарында:

  • газ баллондарын автогаз құю станцияларында толтыру;
  • баллондарды жылыту құралдарының қасына қою;
  • тозған немесе техникалық куәландырудан өтпеген баллондарды пайдалану;
  • баллондарды жертөледе және тұрғын үй ішінде дұрыс сақтамау.

Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан баллондар ерекше қауіп тудырады. Министрлік мұндай жабдықтарды шұғыл ауыстыру қажет екенін ескертеді.

Газ қауіпсіздігін кім бақылайды?

ТЖМ түсіндіруінше, "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға сәйкес, тұрмыстық газ қауіпсіздігін бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудан және қала әкімдіктері елді мекендер шегінде тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіз пайдаланылуын қадағалауға міндетті.

Министрлік заңсыз орнатылған жабдықтар немесе қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мәселелері бойынша азаматтарға жергілікті атқарушы органдарға жүгінуге кеңес береді.

ТЖМ қандай қауіпсіздік ережелерін ұсынады?

Министрлік тұрғындарға бірнеше негізгі ережені қатаң сақтауды ұсынады:

  • тұрмыстық баллондарды автогаз құю бекеттерінде толтырмау;
  • баллондарды тек арнайы пункттерде толтыру;
  • екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланбау;
  • баллондарды жылу көздерінен алыс ұстау;
  • газ құрылғыларын қараусыз қалдырмау;
  • газ иісі сезілсе, бөлмені дереу желдетіп, электр құралдарын қоспау.

Жаңа үйлерге газ датчиктерін орнату міндетті

ТЖМ мәліметінше, Қазақстанда газдануды бақылау және автоматты ажырату жүйелерін орнату бойынша талаптар қазірдің өзінде қолданыста бар.

Қолданыстағы нормаларға сәйкес, жаңадан пайдалануға берілетін газ жабдықтары бар тұрғын үйлер газ датчиктерімен және автоматты ажырату құрылғыларымен жабдықталуы тиіс.

Сондай-ақ жаңадан жобаланатын көппәтерлі үйлерде автоматты өрт дабылы мен газды бақылау жүйелерін орнату міндетті болып саналады.

Еске салайық, 26 мамырда Ақтөбеде жекеменшік үйде жарылыс болып, бір адам қаза тапты. 

Сонымен қатар, сәуірде Алматы облысында газ жарылып, үш бала зардап шеккен еді.