7 Қазан 2026, 10:01 Фото: ©BAQ.KZ/ Жасанды интеллект

Қазақстанда кейбір рецептімен берілетін дәрілердің бағасын енді нарық белгілейді: Не өзгерді?

Қазақстан мен көрші елдерде бір дәрінің бағасы неге әртүрлі болуы мүмкін? Дәріхана сөрелерінен үйреншікті дәрілер неге жоғалып кетеді? Неліктен бір дәріханада рецептті алып қалады, ал енді бірінде науқасқа қайтарып жатады? Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қазақстандықтар осы сұрақтарды жиі көтеріп жүр.

BAQ.KZ тілшісі бұл мәселелерге жауап алу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне (МФБК) жүгінді. Ведомство дәрі бағасының қалай қалыптасатынын, кейбір препараттардың неге мемлекеттік реттеуден шығарылғанын және дәріханалар қандай талаптарды сақтауы тиіс екенін түсіндірді.

Дәрінің дәріханадағы бағасы тек сатып алу құнына ғана байланысты емес. МФБК мәліметінше, оған Қазақстан нарығының көлемі, логистика, кедендік шығындар, жеткізу шарттары, препаратты тіркеу рәсімі, валюта бағамы және өндірушілер мен дистрибьюторлардың коммерциялық саясаты әсер етеді.

Сондықтан бір дәрінің бағасы Қазақстанда, Ресейде немесе Қырғызстанда әртүрлі болуы мүмкін.

Сонымен қатар мемлекет әлі де бірқатар дәрінің бағасын реттеп отыр. Мұндай препараттар үшін референттік баға белгілеу жүйесі қолданылады. Яғни Қазақстандағы баға экономикалық жағдайы ұқсас елдердегі дәл сондай дәрілердің құнымен салыстырылады.

Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Беларусь және басқа да мемлекеттер бар. Сонымен бірге халықаралық деректер мен дәріні елге әкелудің нақты құны ескеріледі.

Бұдан бөлек, өндірушілердің, көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалары белгіленеді. Бөлшек сауда үстемесі регрессивті қағидамен есептеледі: дәрінің бағасы неғұрлым жоғары болса, оған қосылатын үстеме соғұрлым төмен болады, – деді МФБК өкілдері.

Алайда мемлекет барлық дәрінің бағасын бақыламайды.

Мыңнан астам дәріге шекті баға белгіленбейді

2026 жылдың қыркүйегінен бастап бұл саладағы ережелер айтарлықтай өзгерді. Денсаулық сақтау министрінің 4 қыркүйектегі бұйрығымен мемлекеттік баға реттеуі қолданылатын дәрілер тізімі 3 039 атаудан 1 827 атауға дейін қысқартылды.

Өзгерістер құны бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын кейбір арзан рецептік препараттарға да қатысты болды. Олар мемлекеттік баға реттеуінен шығарылып, енді мұндай дәрілердің құны нарық қағидалары бойынша қалыптасады.

2026 жылдың қыркүйегінен бастап баға реттеу тәсілі қайта қаралды. Құны бір АЕК-тен аспайтын кейбір арзан рецептік дәрілер мемлекеттік реттеуден шығарылып, олардың бағасы нарықтық тетіктер арқылы қалыптасатын болды. Сонымен қатар нарықтағы бақылау күшейтіледі, – деп түсіндірді Комитет өкілдері.

Осылайша, рецептімен берілетін кейбір дәрілердің шекті бағасын мемлекет енді белгілемейді. Дегенмен МФБК баға мониторингі жалғасатынын мәлімдеді.

Дәріханада дәрі жоқ. Бұл тапшылық па?

Науқастардың тағы бір жиі айтатын мәселесі – қажетті дәріні бірнеше дәріханадан іздеуге мәжбүр болып жатады. Кейде препарат мүлде болмайды, ал кейде оның орнына балама дәрі ұсынылады.

МФБК мұндай жағдайлардың кездесетінін мойындады. Алайда ведомство бұл жүйелі дәрі тапшылығын білдірмейтінін айтады.

Кейбір дәрілер бойынша жеткізу кезінде уақытша үзілістер болуы мүмкін. Бұл жүйелі тапшылықтың белгісі емес. Мұндай жағдайлар өндірушідегі өндірістік шектеулерге, жеткізілім көлемінің өзгеруіне, логистикалық қиындықтарға, тіркеу рәсімдерінің ұзақтығына, дистрибьютордың немесе өндіріс алаңының ауысуына, сұраныстың өзгеруіне және нақты дәріхананың қорды уақытылы толықтырмауына байланысты туындайды, – деп хабарлады МФБК.

Комитет өкілдерінің айтуынша, дәрілердің қозғалысын таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы бақылауға болады. Бұл жүйе препараттың жеткізу тізбегіндегі жолын, дәріханалар мен медициналық ұйымдардағы бар-жоғын және нақты бағасын көрсетеді.

2026 жылдан бастап дәрілердің айналымын толық қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе енгізіліп жатыр. Ол препаратты тіркеуден бастап нақты науқасқа берілгенге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

«Атаракс» неге азайып кетті?

BAQ.KZ редакциясы науқастар жиі іздейтін «Атаракс» препаратының жағдайын да нақтылады. МФБК мәліметінше, Бельгияның UCB Pharma S.A. компаниясы шығаратын «Атаракс» 25 мг таблеткалары Қазақстанда 2018 жылдың қаңтарында тіркелген.

Алайда препараттың тіркеу куәлігінің мерзімі 2023 жылғы 5 маусымда аяқталған. Комитет өкілдерінің айтуынша, таблетка түріндегі бұл дәрінің қолжетімділігінің төмендеуіне дәл осы тіркеу мерзімінің аяқталуы себеп болған.

Неліктен бір дәріхана рецепті алып қалады, ал екіншісі қайтарады?

Баға мәселесі сияқты рецептке қатысты сұрақтар да аз емес. Бір адам әртүрлі дәріханада әртүрлі тәжірибеге тап болуы мүмкін: бір жерде қағаз рецептті алып қалады, ал екінші жерде белгі қойып, қайтарады.

МФБК мәліметінше, заң жүзінде барлық дәріхана үшін ереже бірдей.

Егер науқасқа дәрігер жазып берген дәрі толық көлемде берілмесе, фармацевт рецептің сыртқы бетіне нақты қанша дәрі берілгенін көрсетуі керек. Осыдан кейін рецепт науқасқа қайтарылады, ал оның көшірмесі дәріханада сақталады.

Алайда бұл талап барлық жағдайда қолданылмайды.

Егер ерекше бақылаудағы дәрілер туралы сөз болса, рецепт дәріханада қалады. Бұған құрамында есірткі заттары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорлары бар препараттар, сондай-ақ арнайы сандық есепке алынатын дәрілер жатады.

Бұл тәртіп Қазақстандағы барлық дәріхана үшін бірдей және Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы № ҚР ДСМ-112/2020 бұйрығымен бекітілген. Егер дәрі толық қаптамамен немесе толық көлемде берілмесе, фармацевт рецепттің сыртқы бетіне нақты берілген мөлшерді жазады. Мұндай рецепт науқасқа қайтарылады, ал көшірмесі дәріханада қалады, – деп түсіндірді Комитет.

Рецепт бір айға жарамды, ал ем ұзаққа созылады

Ұзақ уақыт ем қабылдайтын науқастарда тағы бір сұрақ туындайды. Дәрігер препаратты ұзақ мерзімге тағайындауы мүмкін. Бірақ бұл рецептінің де сонша уақыт жарамды болатынын білдірмейді.

Қазақстанда кәдімгі рецепттің жарамдылық мерзімі – бір ай. Құрамында есірткі заттары, психотроптық немесе күшті әсер ететін заттары бар дәрілер үшін бұл мерзім 15 күнтізбелік күн.

Ал тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілерді тұрақты түрде алатын науқастарға препараттар үш айға дейінгі мерзімге тағайындалуы мүмкін.

Дәріхана ережені бұзса не істеу керек?

Ресми түрде еліміздегі барлық дәріхана бірдей талаппен жұмыс істеуі тиіс. Соған қарамастан науқастар әртүрлі талаптарға тап болып жатады.

МФБК мәліметінше, фармацевт рецепттің дұрыс рәсімделгенін тексеруге міндетті. Егер құжатта қателік болса, рецепт жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Рецепт қағаз түрінде де, электронды форматта да беріледі. Дәрігердің тағайындауы медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі. Дәріханалардың жұмысын МФБК және оның аумақтық департаменттері бақылайды. Азаматтардың шағымы негізінде де тексеру жүргізілуі мүмкін.

Сондықтан дәріхана рецептпен берілетін дәрілерді беру тәртібін бұзса немесе қолданыстағы ережелерге қайшы талаптар қойса, науқас Комитеттің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы.