Қазақстанда кемсітушілік көрген жоқпын – Наринэ Микайлян
“Наири” ҚР армян мәдени орталықтары қауымдастығының төрайымы Наринэ Микайлян алғыс айту күні мен армян диаспорасы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін — 1 наурыз, бұл — алғыс айту күні және көктемнің алғашқы күні. Біз осы күнді бір-бірімізге, бүкіл Қазақстан халқына алғыс айтумен бастаймыз. Бұл мерекенің түп-тамыры тереңде жатыр, саяси қуғын-сүргін жылдары көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға жер аударылған кезде, олардың басым бөлігі үйсіз, күйсіз қалды. Сол кезде қазақ халқы өз үйлеріне қабылдап, соңғы нанымен, баспанасымен бөлісті. Міне, осының өзі осы мерекенің идеясына негіз болды — түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуы, - деді ол “Алғыс айту күні” республикалық форумы кулуарында.
Наринэ Микайлян Қазақстанда шамамен 18 мың армян тұратынын айтты.
Олардың басым бөлігі — Қазақстан азаматтары. Кейбірі Қазақстанда тұрақты тұрады және жұмыс істейді. Бір бөлігі саяси қуғын-сүргін жылдары жер аударылған, ал басқалары тың игеру жылдарында, жаңа мүмкіндіктерді көріп, осында көшіп келген. Кейбірі уақытша жұмыс істеуге келіп, осында қалып қойған, - деді ол.
Наринэ Микайлян Қазақстанда ешқашан кемсітушілік көрмегенін атап өтті.
Мен өзімді Қазақстанда өте жайлы сезінемін. Мен осында туып-өстім, Қазақстан — менің елім, Отаным. Әрине, тарихи Отаным Арменияда. Ол жаққа барып тұрамын, туыстарымды көремін. Бірақ әрқашан Қазақстанға асыға ораламын. Мұнда оқуда, мансапта, саясатта ешқандай кедергі көрген емеспін. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаты болдым. Сондықтан мен ешқашан кемсітушілікті сезінген жоқпын, - деді ол.