6 Қазан 2026, 10:27 Фото: ЦДИАӨМ баспасөз қызметі

Қазақстанда кемінде 10 салалық деректер қоры құрылады

Қазақстанда жасанды интеллектіні тиімді қолдану үшін деректерді басқарудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылып жатыр. Жалпы кемінде 10 салалық деректер қорын (data lake) құру жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазір Smart Data Ukimet платформасы негізінде қаржы, денсаулық сақтау және көлік салаларында деректер көлдері дамып жатыр.

Келесі жылы энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында да деректер көлдерін іске қосу көзделген. Жалпы кемінде 10 салалық data lake құру жоспарланған, – деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, бұл бағытта қажетті нормативтік база да қалыптастырылған.

2029 жылға қарай мемлекеттік органдардың кемінде 80 пайызы деректерді басқарудың нысаналы дайындық деңгейіне қол жеткізуі, ал деректер жиынтықтарының кемінде 90 пайызы сапа талаптарына сай болуы тиіс, – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Қазақстанда 1600 ауылды интернетпен қамту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 370 ауыл интернетке қосылып, 12 мыңға жуық шақырым байланыс желісі тартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Сондай-ақ, AI көмегімен 3,2 млн өтініш өңделіп, Қазақстанда 150 қызмет цифрланатыны хабарланды.