Қазақстанда картоп өсірушілер әр маусымға әділ баға шегін белгіледі
“Саналы бизнес – ел тірегі” акциясы аясында әділ баға қалыптастыру қағидаты жарияланды.
Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының атқарушы директоры, сондай-ақ Ақмола облысында ауыл шаруашылығы тауарының өндірушісі Александр Матвиенко “Саналы бизнес – ел тірегі” акциясын не үшін қолдағанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз саналы бизнесті қолдаймыз. Ол үшін ел ішінде баға ақылға қонымды болуы керек деп есептейміз. Бірақ ол өндірушіге зиян келтірмеуі тиіс. Егер ішкі нарықта бағаны шектен тыс көтеретін болсақ, мемлекет экспортты жабуы мүмкін. Ал біз экспортқа айтарлықтай тәуелдіміз, - деді Картоп және көкөніс өсірушілер одағының директоры.
Әділ баға саясаты қалай жүзеге асады?
“Саналы бизнес – ел тірегі” акциясы аясында әділ баға қалыптастыру қағидаты жарияланды. Александр Матвиенко әділ баға саясатын ұстану туралы шешімге қалай келгенін түсіндірді.
2024 жылғы өнім 2025 жылы сатылады. 2024 жылдың күзінде Ресей Федерациясы экспортты жапқаннан кейін, біздің картопқа ішкі сұраныс күрт артты. Тіпті Өзбекстаннан да келіп жаппай сатып ала бастады. Алайда сол жылы көптеген фермерлердің егістігін фитофтора ауруы зақымдап, өнім көлемі азайды. Нәтижесінде нарықта тапшылық туындап, баға өсті. Кейбір шаруалар осы жағдайды пайдаланып, бағаны шамадан тыс көтерді, - деді маман.
Ол мемлекет бұл жағдайды бақылап, шекараны уақытша жапқанын еске салды. Сол кезде ел ішінде картоп қоры аз болғандықтан, қалған өнім бәрібір жақсы бағамен сатылған. Алайда Александр Матвиенконың айтуынша, болашақта фермерлер бағаны негізсіз көтере берсе, Үкімет күзде қайтадан экспортты шектеуі мүмкін.
Ондай жағдайда өндірілген картопты ішкі нарықта өткізе алмай, қиындыққа тап боламыз. Өйткені елімізде қайта өңдеу саласы өте әлсіз, іс жүзінде әлі толық дамымаған. Сондықтан біз әділ баға саясатын ұстану туралы шешім қабылдадық. 2025 жылдың қыркүйегінде барлық облыстармен меморандумға қол қойылды, - деді ол.
Белгіленген баға шегі:
- қыркүйек-желтоқсан (жинау кезеңі) — 100-120 теңге;
- жаңа жылға дейін — 140 теңге;
- қаңтар–сәуір аралығы — 175 теңгеден аспау.
Біз бұл бағаны ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін де, тұтынушылар үшін де әділ деп санаймыз. Себебі тыңайтқыш, өсімдікті қорғау құралдары, жанар-жағармай сияқты шығындар жыл сайын өсіп келеді, - деді Картоп және көкөніс өсірушілер одағының директоры.
Экономикалық патриотизм – нақты іспен
“Саналы бизнес – ел тірегі” акциясының басты бағыттарының бірі – экономикалық патриотизм. Александр Матвиенко аграрлық сектор оны сөз жүзінде емес, нақты іспен қалай көрсете алатынын атады.
Экономикалық патриотизм – бұл ұран емес, ұлттық экономиканы нығайтатын, жергілікті өндірушілерді қолдайтын және азық-түлік қауіпсіздігін арттыратын нақты шешімдер. Оның бір көрінісі – мүмкіндігінше Қазақстанда өндірілген тұқым, тыңайтқыш, техника мен технологияларды пайдалану, - деді ол.
Картоп және көкөніс өсірушілер одағының директоры акцияға қатысуын саланың елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығына қосқан үлесі деп санайды.