Қазақстанда картоп бағасы бір жылда 18%-ға қымбаттады
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда 2,8 миллион тоннадан астам картоп жиналып, өнім көлемі 7,9%-ға артқан.
Қазақстанда картоп бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Ұлттық статистика бюросының жедел деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 26 тамыздағы жағдай бойынша картоптың бағасы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 18,2%-ға жоғары болған. Сарапшылар тамыз айының қорытынды есебі жарияланған кезде өсім шамамен 20%-ға жетуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бағаның ең жоғары өсуі Петропавлда тіркелген, деп жазады Ranking.kz. Мұнда картоп құны бір жыл ішінде 57%-дан астам қымбаттаған. Сондай-ақ Ақтауда баға 40,5%-ға, Ақтөбеде 40,3%-ға, Шымкентте 31%-ға, Астанада 27,9%-ға және Қарағандыда 22,4%-ға өскен. Ал картоп арзандаған қалалар ретінде тек Талдықорған мен Қостанай көрсетілген.
Мамандардың пікірінше, бағаның көтерілуіне бірнеше фактор әсер еткен. Ең алдымен, фермерлердің шығындары айтарлықтай артқан. Тұқым, жанармай, тыңайтқыш және басқа да өндірістік шығындардың қымбаттауы өнімнің өзіндік құнына тікелей ықпал еткен. Статистика бойынша, картоп өсіруге жұмсалған шығындар бір жылда 23,9 млрд теңгеден 38,8 млрд теңгеге дейін өсіп, 62,3%-ға артқан.
Сонымен қатар отандық өндірушілердің сату бағасы да жоғарылаған. Биылғы жазда картоптың көтерме бағасы маусым айында 11,2%-ға, ал шілдеде 7,8%-ға өскен. Бұған ерте пісетін картоптың нарыққа шығуы да әсер етуі мүмкін.
Сарапшылар қазіргі жағдайды 2024 жылғы оқиғалармен де байланыстырады. Сол жылы қазақстандық шаруалар рекордтық көлемде – 565,2 мың тонна картоп экспорттаған. Нәтижесінде ішкі нарықта өнім тапшылығы туындап, қыс пен көктемде картоп бағасы кей кезеңдерде 79%-ға дейін көтерілген болатын.
Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін үкімет кейін картоп экспортына уақытша шектеу енгізді. Соның нәтижесінде экспорт көлемі 31,3%-ға қысқарған. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға небәрі 54,7 мың тонна картоп импортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69%-ға аз көрсеткіш. Сарапшылар импорт бағаға белгілі бір деңгейде әсер еткенімен, негізгі рөлді ішкі нарықтағы өндірушілер мен сауда желілері атқарғанын айтады.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда 2,8 миллион тоннадан астам картоп жиналып, өнім көлемі 7,9%-ға артқан. Соған қарамастан баға төмендемеген. Мамандар мұны өндіріс шығындарының көбеюімен, инфляциямен және ауыл шаруашылығындағы жалпы шығындардың артуымен түсіндіреді. Сондықтан жаңа өнім жиналып жатқан кезеңнің өзінде картоп бағасы былтырғы деңгейден едәуір жоғары болып отыр.