Қазақстанда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынуы мүмкін
2026 жылдан бастап жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк таситын карьерлік автокөліктердің жүруі негізгі проблемалардың бірі болып отыр. Бұған дейін Көлік министрлігіне тиісті параметрлерге сай келмейтін ауыр техниканың жүруіне тыйым салу үшін қажетті шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Сондықтан заңнамаға түзетулер енгізілді. Жаңа норма 2026 жылдан бастап жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салуды көздейді, - деді Үкімет басшысы.
Бектенов бұл норманы 2025 жылдан бастап енгізу мәселесін пысықтау керегін тапсырды.
Сонымен қатар оның сөзінше, жыл сайын жұмыс қыза бастаған шақта жол-құрылыс материалдардың тапшылығы туындайды. Көлік министрлігі инертті материалдардың, техникалық және еңбек ресурстарының бар-жоғына ревизия жүргізуі, сондай-ақ битуммен уақтылы қамтамасыз етуге тиіс.