Қазақстанда кадр тапшылығы артып келеді - Мәулен Әшімбаев

Сенат спикерінің айтуынша, елде білікті мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе инженерлер, техникалық қызметкерлер, агрономдар, ветеринарлар және басқа да маңызды кәсіп иелері сұранысқа ие. Бұл үрдіс алдағы уақытта күшейе түседі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша, 2030 жылға дейін Қазақстан экономикасына қосымша 1,6 миллион маман қажет болады.

Қазірдің өзінде Қазақстанға техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман ауадай қажет. Ал жоғары білімді кадрларға деген сұраныс 430 мың адамды құрайды, - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттағы парламенттік тыңдауда.

Ол құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында жұмыс күшіне деген жоғары сұраныс бар екенін атап өтті. Бұл жағдай өңірлік және демографиялық теңгерімсіздік, сондай-ақ ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшуі салдарынан күрделене түсуде.

Қазіргі уақытта жастардың көпшілігі жұмыс күші мол төрт оңтүстік өңірде — Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында тұрады. Сонымен қатар, Алматы мен Шымкентте де жастардың саны айтарлықтай көп. Елдегі жастардың жартысынан астамы осы аймақтарға тиесілі. Кадр тапшылығын шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Оған кәсіби білім беру жүйесін жаңғырту, дуальды оқытуды дамыту, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және еңбек көші-қонын қолдау шаралары кіреді, - деді Сенат спикері.

Бұған дейін Қазақстанда 188 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны белгілі болған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенат баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы