Қазақстанда Израильдің жаңашыл су технологиялары таныстырылады

Израильдің су қауіпсіздігі саласындағы озық тәжірибесін зерделеу және енгізу мақсатында, Қазақстан Елшісі Дәулет Ембердиев израильдік жетекші «Mekorot», «Odis» және «BlueGen Water» компанияларында болып, олардың қызметімен жан-жақты танысты.

Аталған компаниялар ұлттық экологиялық инфрақұрылымның алдыңғы қатарында және суды басқару, ағынды суларды тазарту және қайта өңдеу саласында, сондай-ақ тұщыландыру жүйелері мен суды үнемдеу технологияларын әзірлеу бойынша инновациялық шешімдерді ұсынады.

Израильдік фирма басшылары дипломатқа жүзеге асырылған жаңашыл жобаларды таныстырып, су ресурстарын басқару саласындағы эксклюзивті шешімдерді көрсетті.

Д.Ембердиев Қазақстан басшылығының елдің тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін суды үнемдеу жобаларына баса мән беретінін ерекше атап өтті.

Кездесулер нәтижесінде бірлескен бастамаларды одан әрі пысықтау және жақын арада израильдік су компаниялары өкілдерінің Қазақстан өңірлеріне сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

«Mekorot» ұлттық компаниясы сумен жабдықтау бойынша әлемдегі ең озық жүйелердің біріне ие. Компания – елдің негізгі су жеткізушісі және сумен жабдықтау, су сапасын бақылау, инфрақұрылым, ағынды суларды тазарту, тұщыландыру және т.б. нысандарын басқарады.

«Odis» – су және ағынды суларды тазарту жүйелерін әзірлеу, жобалау және құрылыс саласындағы жетекші компаниялардың бірі.

«BlueGen Water» – 1988 жылдан бері суды, ағынды суларды және қатты қалдықтарды тазарту үшін озық және тиімді шешімдерін ұсынады және технологиялық тұрғыдан озық экологиялық жобалардың құрылысымен айналысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы