Қазақстанда ислам ипотекасы қашан іске қосылады?
Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосу үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін банктер тиісті лицензия алып, мамандар тартып, ішкі құрылымына өзгерістер енгізуі керек. Ал «Ұмай» бағдарламасының екінші траншы бойынша Азия даму банкімен келісім жасалған. Оның нақты қашан басталатыны келесі айдың басында белгілі болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай Астанада өткен қолжетімді баспана мәселесіне арналған конференцияның кулуарында берген сұхбатында айтты.
Ислам ипотекасын іске қосу үшін не қажет?
Жансұлтан Матайдың айтуынша, ислам ипотекасы – банк үшін жаңа бағыт. Қазір бағдарламаны іске қосуға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Өздеріңіз білесіздер, ислам ипотекасы бойынша жаңа заң қабылданды және оған еліміздің банктері қосылып жатыр. Оған дайындыққа да біраз уақыт керек, – деді ол.
Оның айтуынша, исламдық қаржыландыру жүйесін енгізу үшін тиісті лицензия алу қажет. Бұл бағыттың өзіндік ерекшеліктері бар. Ең бастысы, исламдық қаржыландыруда дәстүрлі пайыздық үстеме қолданылмайды, өйткені ислам қағидалары бойынша пайыз алуға тыйым салынған.
Бұл бағыттағы жұмысты іс жүзінде іске асыру үшін әр банктің ішінде исламдық қаржыландыру мәселелерімен айналысатын кеңес құрылуы керек. Сонымен қатар тиісті мамандарды тарту және банктің штаттық құрылымына өзгерістер енгізу қажет, – деді Жансұлтан Матай.
«Отбасы банк» ислам ипотекасын беруді кеңейтуді көздейді
Басқарма төрағасының орынбасары исламдық ипотекаға қатысты заңда «Отбасы банкке» қойылатын талаптар да қарастырылғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта исламдық ипотека бойынша депозиттерді қабылдау, кеңес жүргізу сияқты қызмет түрлері ғана бар. Енді осы мүмкіндіктерді кеңейтіп, исламдық ипотека беру жағын реттеу үшін Құрылтаймен бірге заңға толықтырулар енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Сондықтан ислам ипотекасы ертеңнен бастап іске қосылады деп айтуға әлі ерте. Жансұлтан Матайдың сөзінше, жобаны іске асыру үшін қажетті жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бұл жаңа жобаны жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстарды заң талаптарына сәйкес жүргізіп, оны іске қосуға күш салып жатырмыз, – деді банк өкілі.
«Ұмай» бағдарламасының екінші траншы қашан беріледі?
Жансұлтан Матай «Ұмай» бағдарламасына сұраныс жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, алғашқы транш түскен бойда толық игерілген.
“Ұмай” бағдарламасының бірінші траншы келген кезде бірден игеріліп кетті. Бағдарламаға сұраныс өте үлкен. Екінші транштың жалпы сомасы Азия даму банкімен келісілді. Бағдарламаның қашан басталатыны туралы жақын арада хабарлаймыз, – деді ол.
Қазір «Ұмай» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлеме Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне тікелей байланысты.
Ертең, 20-сы күні, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қайта қарайды. Соған сәйкес өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан келесі айдың басында “Ұмай” бағдарламасының нақты қай уақытта басталатынын жариялаймыз. Бұл туралы қосымша ақпарат беріп отырамыз, – деді Жансұлтан Матай.