Қазақстанда ірі кәсіпорындардан шығатын қалдықтар 148 мың тоннаға азайған
Соңғы үш жылда елдегі ірі кәсіпорындардың зиянды шығарындылары 148 мың тоннаға азайған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жыл қорытындысына арналған баспасөз брифингі барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша оң нәтиже байқалып отыр. 2022 жылмен салыстырғанда елдегі ең ірі кәсіпорындар бойынша нормативтік шығарындылар көлемі 148 мың тоннаға немесе 7,2 пайызға төмендеген.
Оның сөзінше, эмиссияның қысқаруына кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу және ең озық қолжетімді технологияларды енгізу ықпал еткен.
Деректердің ашықтығын қамтамасыз ету мен бақылауды күшейтуде автоматтандырылған мониторинг жүйелері маңызды рөл атқарып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорындарда орнатылған 78 жүйенің 74-і ауа ластануы туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде жіберіп келеді.
2024–2025 жылдары автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату талаптарын бұзғаны үшін 43 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 24,3 млн теңгені құрады, – деп түйіндеді министр.