Қазақстанда ипотека жүйесін өзгерту ұсынылды
Отбасы банк басшысы ипотекалық бағдарламаларға айтылған сынға жауап берді.
Үкіметте өткен баспасөз конференциясында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова "қазақстандықтар жаңа тұрғын үй бағдарламаларын күте ала ма?" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде ипотекалық бағдарламалардың көптігіне қатысты сын жиі айтылып жатады.
Әлеуметтік желілерде, керісінше, сын көп. Себебі бағдарламалар өте көп – “Қамқор”, “Елорда жастары”, “Наурыз”, “Наурыз жұмыскер”. Соның салдарынан адамдар кейде мерзімі мен пайыздық мөлшерлемесін шатастырып жатады. Сондықтан көптеген азамат бағдарламаларды біріздендіріп, бәрін бір жүйеге келтіру керек деген ұсыныс айтып жатыр, – деді Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар банк басшысы құрылыс компанияларына берілетін жеңілдіктердің тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл шаралар пәтерлерді толық әрленген күйде салуға мүмкіндік береді.
Естеріңізде болса, мен бұрын Қазақстан үшін нағыз инновация – тұрғын үйді қара әрлеумен салу деген тезис айтқан едім. Бірақ кейінгі өзгерістер нақты нәтиже көрсетті. Өткен жылы сатылған 8 600 пәтердің 70 пайыздан астамы “Баспана Маркет” платформасы арқылы өтті. Оның басым бөлігін құрылыс компаниялары толық әрленген күйде ұсынған тұрғын үйлер. Сәйкесінше, қарыз алушылар дәл осы нұсқаны таңдады, – деп түйіндеді банк басшысы.
Бұған дейін "Ұмай" ипотекасы қашан іске қосылатыны белгілі болған еді.