Қазақстанда iPhone 17 сатылымға қашан шығатыны белгілі болды
Электроника желілері Қазақстанда iPhone 17 сатылымға қай күні шығатынын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 26 қыркүйектен бастап ел тұрғындары жаңа гаджеттерді сатып ала алады.
26 қыркүйектен бастап сатылымда iPhone 17, iPhone 17 Pro және iPhone 17 Pro Max, стильді iPhone Air, сондай-ақ жаңа Apple Watch модельдері – Series 11, Ultra 3 және SE 3 болады. Сондай-ақ, Apple өзінің AirPods Pro 3 моделін де ұсынады, – деп хабарлады техника дүкендерінің бірі.
Жақында Apple компаниясы iPhone 17 телефонының төрт жаңа үлгісін таныстырған болатын.
Жаңа өнімдердің ішінде ерекшесі – iPhone Air болды. Оны компания "әлемдегі ең жұқа смартфон" деп атады.
Сонымен бірге барлық үлгілер жақсартылған камералармен, сыйымдылығы артқан аккумулятормен және басқа да жаңа мүмкіндіктермен жабдықталған. Жаңа құрылғылар A19 чипімен жұмыс істейді. Ол әсіресе жасанды интеллект функцияларын тиімді іске қосуға көмектеседі.
Еске салайық, бұған дейін жаңа iPhone 17-нің бағасы қанша теңге болатынын жазғанбыз.